ШҚО – серпінді жобалар, инновациялық технологиялар, жоғары көрсеткіштер мен реформалар, батыл идеяларды іске асыруда көпке үлгі болып отырған өңірлердің бірі. Облыста денсаулық сақтау саласына да орасан көңіл бөлініп, болашақтың медицинасы қалыптасуда.
Облыстағы дәрігерлер Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркия сынды медицина саласы озық елдерде біліктіліктерін ұштап, білімдерін жетілдіруде. Өңірдегі ауруханалар мен емханалар заманауи құралдармен жабдықталып, тұрғындардың саулығына баса назар аударуда. Соның бірі ретінде аймақтағы медициналық мекемелер бірегей цифрлық диагностикалық деректерді сақтауға арналған PACS жүйесіне қосылуын айтуға болады.
Енді тұрғындар өздерімен бірге рентген және КТ нәтижелерін тасып жүрмейді, оның барлығы автоматты түрде PACS бірыңғай жүйесінде тіркеледі. Дәрігерлер жүйеге мобильді қосымша арқылы қол жеткізе алады. Бұл – медицина саласындағы өте маңызды қадам.
PACS жүйесі пациенттің дәрігерге қаралуын едәуір жеңілдетеді. Ауданда тексеруден өткен науқасқа КТ немесе рентген қағаздарын сүйреп, қалаға сабылудың қажеті жоқ. Өскемендегі онкологиялық орталықта цифрлы диагностикалық бейнелерді сақтауға және мұрағаттауға арналған PACS жүйесі жұмыс істеп тұр. Соның базасында кеңес құрылып, құрамына пульмонологтар, фтизиатрлар, онкологтар, травматологтар және басқа да мамандар кіреді.
Бұл – қазіргі заманғы жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы үлкен серпіліс. Ең бастысы, жүйе пациенттерді әртүрлі клиникаларға баруға мәжбүр етпей, уақытта үнемдейді. Жүйенің ішінде барлық тест нәтижелері, рентген және МРТ суреттері және басқалары сақталған. Демек науқас туралы кеңейтілген ақпарат дәрігердің алдында болады. Бұл – науқастарға диагноз қоюға мүмкіндік беретін жасанды интеллект.
Пікір қалдыру