Бұрын Қарағанды фармацевтика кластеріне берілген "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
"Институттың маңызы мен әлеуеті зор. Ішкі аудит қызметінің тексеру жұмысы келісімнің мемлекетке тиімсіз екенін көрсетті, мүліктік кешенді бағалауға, оның құны мен бөліп төлеуге қатысты сұрақтар туындады. Сол себепті мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілді. Тиісті құжатқа қол қойылып, рәсімдер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қарағанды қаласының саябақ аймағындағы жерлерді қаланың орталық саябағының бір бөлігі ретінде мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылатын болады" деп жазды министр telegram парақшасында.
"Қарағанды фармацевтика кластерінің артында олигарх Қайрат Боранбаев тұр" деген ақпарат бар. Бизнесмен наурыз айынан бері қамауда отыр. Ол квазимемлекеттік секторда ірі көлемде қаржы жымқыру күдігі бойынша тергеліп жатыр. Қайрат Боранбаев 2022 жылғы дейін елдегі ең бай 15 адамның қатарына кіретін. Қамауда отыруына байланысты Forbes Kazakhstan журналы оны биылғы рейтінгіне қосқан жоқ. Ол "Қайрат" футбол клубы, Алматыдағы Esentai Mall, Esentai Tower, "Алмалы" сауда ойын-сауық кешендері, "Рахат Палас" қонақүйі иелерінің бірі. McDonald’s Қазақстан, Ресей франчайзингінің басшысы.
Боранбаевтың экс-президент Н.Назарбаевпен туыстық қарым-қатынасы да болған. Қызы Алима Назарбаевтың 2020 жылы қайтыс болған жиені Айсұлтан Назарбаевтың әйелі болған.
Пікір қалдыру