Астанада 150-ші "Astana bike" велосипед бекеті ашылды

/uploads/thumbnail/20170708195810194_small.jpg

ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне дайындық аясында Астана қаласының әкімдігі "Самұрық-Қазына" АҚ ҰӘҚ бірлесіп, инвестициялық жоба негізінде елордада велосипед қозғалысын ұйымдастыруды жүзеге асыруда. 2014 жылы қала күніне орай Қонаев көшесінде ең бірінші "Astana bike" бекеті ашылған болатын. Бұл туралы Қамшы порталы  Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бүгін Астана қаласында 150-ші велосипедтік бекеттің ашылуы өтті. Тәшенов көшесі мен Таха Хусейн көшесі қиылысында орналасқан бұл велосипедтік бекет – биылғы маусымдағы соңғы болып табылады.

Астанада жоба аясында бірінші маусымда 200 велосипеді бар 40 велобекет өз жұмысын бастаған еді. Бүгінгі күнде астаналықтар үшін мыңдаған велосипедтер ұсынылуда.

Санияр Айтекенов, "Астана Конвеншн Бюро" ЖШС директоры:

- Бұл жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін айтқым келеді. Біріншіден, бұл – салауатты өмір салты. Екіншіден, қаладағы көліктердің жүктемесін азайтады және үшіншіден – қоршаған ортада зиянды қалдықтардың азаюына әсерін тигізеді. Біздің ойымызша, аталмыш жоба инфрақұрылым мен туризм салаларының дамуына үлесін қосады.

Астана қаласының әкімі Ә. Жақсыбековтың велосипедтерге қол жеткізуді оңтайландыру бойынша берілген тапсырмасына сай абонементтік карта алу кезіндегі тіркеу жүйесі жеңілдетілді. Қазір велосипедті жалға алу үшін тек жеке куәлік қажет.

Бүгінгі күнде алты мыңға жуық елорда тұрғыны осы велосипедтерге жүгінеді. Яғни, бір күнде шамамен 900 астаналық бұл велосипедтерді пайдаланады.

Айта кетейік, қаланың көркеюіне арналған бұл жоба ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде туристердің қажеттілігіне жарап, одан кейін де елорданың мәдени-тарихи көз тартарлық орындарын аралауға және Астананың туризм саласын арттыруға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, 28 қыркүйекте өткен Астана қаласының аппарат жиналысында қала басшысы велосипед жолдары бойынша ревизия өткізуді тапсырған болатын. Әуесқой велосипедшілер жолдағы қауіп-қатердің көптігі салдарынан велосипедтерді көп пайдалана бермейді. Енді жол құрылысы мен жаяу жолдардың жөндеу жұмыстарына жауапты тұлғалар жақын арада велосипедке арналған жолдардағы кедергілерді жойып, тиісті шараларды қолдануы қажет.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар