«Универсиада-2017» ойындарына арналған қоғамдық кеңес құрылады - Алматы

/uploads/thumbnail/20170708195810882_small.jpg

Алматы қаласында 2015 жылдың қараша айында 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарына қатысты Қоғамдық кеңес құрылатын болады. Бұл туралы бүгін «Алматы қаласының халықаралық спорт жобалары дирекциясы» Мемлекеттік қорының баспасөз қызметінен хабарлады. 

«2015 жылдың қараша айында «Алматы қаласының халықаралық спорт жобалары дирекциясы» Мемлекеттік қоры 2017 жылы болатын қысқы Универсиада ойындарына дайындалу және оны өткізу бойынша Қоғамдық кеңес құрады», - делінген хабарламада. 
Бұл ұйымның алдына қоғаммен өзара әрекеттесу, белсенді азаматтардың бастамаларын қарау, сондай-ақ жобаның құрылымы мен дайындық барысы туралы азаматтар алдында есеп беру міндеті қойылады. 

«Универсиада секілді ірі жобаларда Қоғамдық кеңес керек. Олардың құрамына белсенді азаматтық ұстанымы бар тұрғындар, жас блоггерлер, жастар ұйымдарының өкілдері, спорт ардагерлері және басқа да азаматтарды енгізуге болады. Бірінші кезекте, біз осындай қоғамдық топтың арқасында ақпарат және пікір алмаса аламыз Ал қоғамдық белсенді азаматтар өз ұсыныстарын енгізетін болады», - деп түсіндірді Илья Оразақов. 

Одан басқа, мұндай кеңес осындай ірі жобаға дайындық үдерісінің қаржылық ашықтығын қоғамға паш ете отырып, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты нығайта түспек. Қоғамдық кеңестің құрамында кем дегенде 15 адам болады. Илья Оразақовтың пікірінше, оның мүшелері спорт саласын жақсы білулері тиіс және мұндай жобалардың қалай жүзеге асатындығын түсіне отырып, орынды ұсыныстарды ортаға салулары керек. 

Үміткерлерге дауыс беру шарасы алдағы қазан айында almaty2017.com сайтында жүргізіледі. Әрбір азамат өзін немесе басқа азаматты ұсына алады. 

«Көп дауысқа ие болған адам, Қоғамдық кеңестің құрамына енеді», - деді И. Оразақов. Айта кетелік, Кеңес мүшелерінің Универсиадаға дайындық жұмыстарына қатысты шешім қабылдау жұмыстарына тікелей қатысуға, Дирекция тарапынан қажетті құжаттарға қол жеткізуге және жобаның шығындарына қатысты толық есеп алуға мүмкіндік алады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар