Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 20 маусымдағы шешімімен Алматы қаласында құрылыс жүргізу регламентіне толықтырулар енгізілді. Қала басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, Әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай биіктігі 15 метрден аспайтын денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салу параметрлері айқындалды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге және тау бөктерлеріне, сондай-ақ 15 градус және одан да тік құзды алаңдарға шағын қабатты ғимараттар салуға жол берілмейді.
«Абайдың оңтүстігі мен Әл-Фарабидің солтүстігіне қарай тұрғын үй ғимараттарының қабат саны парапеттің жоғарғы жағына дейін ең жоғары биіктігін 35 метрден асырмай, 9 қабатқа дейін шектелді және жайлылығы III кластан төмен емес тұрғын үй ғимараттарының параметрлерін қолдану белгіленді. Сонымен қатар, біз осы жылдың 1 тамызынан бастап қаланың Қала құрылысы кеңесінің қызметін жаңа форматта қайта бастауды жоспарлап отырмыз. Онда іске асыруға ұсынылатын қала құрылысы және сәулет жобалары бойынша шешімдер тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ашық талқылау арқылы қабылданатын болады», - деді Алматы әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Пікір қалдыру