Алматы облысындағы №10 мектептің 11-сынып оқушысы, "Авиценна" тәжік этномәдени орталығының өкілі Кодири Хушдил Алматы қаласында шахматтан өткен "Достық кубогы" турнирінде бірінші орынға ие болды. Достық үйі тарихи ғимаратының 50 жылдығына арналған турнир Швейцария жүйесі ФИДЕ 1 ережесі рапид бойынша өтті.
Жарысқа 60-қа жуық шахматшы қатысты, Хушдил Кодири 6 партияны жеңіп алды, жетіншіде тең ойын жасады, нәтижесінде жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Тәжік ЭКО-дан келген Кодири Нукрабону әйелдер мен қыздар арасында бірінші орынға ие болды, ол мақтау қағазымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Турнир жоғары деңгейде өтті, жарыстың бас ФИДЕ төрешісі – Караев Асылхан.
Достық үйінің мерейтойын мерекелеу іс-шарасына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Алматы шахмат федерациясының президенті, Халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, "Қазақстанның 100 жаңа есімі "жобасының жеңімпазы, кардиохирург Алмас Қодасбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында "Достық" шахмат клубының салтанатты ашылуы өтті. Шахмат клубының қызметі жастар арасында шахматты танымал етуге және жалпы зияткерлік спорт түрлерін танымал етуге бағытталатын болады.
Алматы қаласы "Қоғамдық келісім" мекемесінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру