Арал ауданы Жақсықылыш елді мекенінде «Аралтұз» АҚ-тың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерекелік шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев пен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов қатысты. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-Ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Аралтұз» – йодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз орын. Мыңға жуық жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өніміне алыс-жақын шет мемлекеттерден де сұраныс көп. 2012 жылы жаңа инвестор келуіне байланысты кең орнында игілікті жұмыстар жүзеге асырылды. 2013 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. «Аралтұз» акционерлік қоғамы өз қаражаты есебінен жаңа цех салды. Оған испан өндірісінің заманауи технологиялары сатып алынып, жаңарған желі іске қосылды. Бұл өз кезеңінде 125 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Тұзды қалталау цехы да барынша жаңартылып, ондағы Санкт-Петербор қаласынан шығарылған бес «Питпак» автоматы өнім көлемін арттыруға себебін тигізді. Қос цехтан бірінші сортта ас тұзы өндірілді. Өндірісті дамытудың жоспарына сәйкес маркетингтік зерттеулер нәтижесінде, мал азығына қажетті брикеттелген тұз өндіру қолға алынды. Брикет бөлімшесінде қырықтан астам адам жұмыс істейді.
Келешегі кемел тұз өндірісін дамыту – индустриялық саясаттың басым бағыты. Бәсекеге қабілеттілікті арттырған «Аралтұз» бүгінде күллі Қазақстанның бетке- ұстар кәсіпорнына айналды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын өткен жылы инвестиция көлемі екі миллиардтан астам теңгені құрайтын жаңа испан технологиясын өндіріске енгізді.
Сол арқылы еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтты, яғни бұрын кәсіпорын айына 5-6 мың тонна тұз өндірсе, енді тұз көлемін айына 12-13 мың тоннаға дейін жеткізді. Нәтижесінде, тек Ресейге өнім шығарған кәсіпорын, сыртқы нарықты кеңейтіп, ТМД мен Еуропа елдеріне өз өнімін шығара бастады. Бұл өз кезегінде экспортқа шығарылған өнім көлемін үстіміздегі жылы 8 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6 есеге арттыруға ықпал етті.
– Еркін бәсекенің бабын тауып, қабілеттілігін жұмыс нәтижесімен көрсеткен кәсіпорын ел мақтанышына айналды. Өзгелер экономикалық қиыншылық кезеңді бастан өткеріп жатқан шақта «Аралтұз» жұмыс ауқымын көбейтіп, қызметкерлер санын арттыруды жоспарлауда. Оған қоса, кальций қосылған сода шығару секілді ірі жобалар жүзеге аспақ. Осылайша, Арал дағдарыстан дамушы аймаққа айналып отыр. Елбасы аймаққа сапарының бірінде «Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген болатын. Бұл Аралдың өсіп-өркендегенін көрсетеді. Баршамызға ортақ мереке құтты болсын, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Кәсіпорын жаңа технологиямен жабдықталған. Кейін өнімнің сапасы артып, бүгінде жаңа ассортименттермен шығарылуда.
«Аралтұз» АҚ «Жақсықылыш», «Жақсықылыш-2» және «Жақсықылыш-3» кен орындарындағы сульфат-натрий қатты пайдалы қазбаны барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау бойынша конкурс жеңімпазы болып табылды. Жоба қуаты жылына 200 мың тонна болса, инвестиция көлемі 220 млн АҚШ долларын құрайды.
«Аралтұзда» былтыр «Техникалық және ас тұзын өндіру» өндірісін жаңғырту жобасы іске қосылды. Жоба құны 1,5 млрд теңге болғанымен, толық аяқтау үшін қосымша 600 млн теңге қаржы жұмсалуына орай жалпы инвестиция көлемі 2,1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынға тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтар шығарудан дүниежүзінде көшбасшы Испанияның «Constnrucciones mecanicas Iserra, S.A» компаниясының заманауи құралдары алынды. Жаңа зауыт іске қосылғаннан бері кәсіпорын жылына 120 мың тонна тұз өңдеп шығарса, оның 80 мың тоннасы ас тұзы, қалғаны техникалық тұз болатын. Бүгінде, өндіріс қуаттылығы 1,7 есеге ұлғайып, оның көлемі 213 мың тоннаға жетті. Салтанатты шара барысында мекеменің 200-ге жуық үздік қызметкері мемлекеттік марапат, төсбелгі, «Құрмет» және алғысхаттармен марапатталды.
Мерекелік шара ат бәйгесімен және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасты.
Пікір қалдыру