Қаңтар оқиғалары кезінде жараланып, артынан жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған Саят Әділбекұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Саят Әділбекұлы желідегі парақшасында мәлім етті.
"Қаңтардағы күндерден бері мені қорғаған, қолдап, көмектескен адамдарға, алғыс айтамын. Өзімде бардың бәрі үшін, мені дәл сіздерге жібергені үшін құдайға шүкіршілік етемін. Сіздердің көмектеріңізбен мен қылмыстық қудалауды тоқтатуға қол жеткізіп, адал атымды ақтай алдым" деген Саят Әділбекұлы құқыққорғаушылар мен бірқатар журналистерге, медиаларға жеке алғысын білдірді.
Саят Әділбеков 5 қаңтарда үйінен сырқаттанып жатқан қызына дәрі алуға шыққан. Жақын жердегі дәріханалардан қажетті дәріні таппай, орталыққа барады. Сол жақта екі жерінен оқ тиіп жараланып, қалалық 7 ауруханаға жеткізіледі. Оған ота жасалып, екі күнін жансақтау бөлімінде өткізген. Ал 8 қаңтарда оны және ауруханада жатқан 30-ға жуық жігітті полиция алып кеткен. Саят полицейлер ауруханада тұтқындау кезінде, артынша тергеу изоляторында азаптағанын айтқан. Ол 25 қаңтар күні 11 адаммен бірге бұлтартпау шарасы өзгертіліп тергеу изоляторынан босатылған. Артынша, Әділбекұлын азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Пікір қалдыру