Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандас мәртебесін алған этникалық қазақтарға қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдау жөніндегі шығыстарды жабуға арналған субсидиялармен қатар қандастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және басқа да жеңілдіктер берілетінін мәлім етті.
Қандас мәртебесін алу немесе ұзарту, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу бойынша өтініштер жергілікті атқарушы органдарда, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне қабылданады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы үкімет айқындаған Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы секілді өңірлерге бөлінеді.
Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (222 мың тг) біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа төмендегі қызметтер қолжетімді:
– ҚР аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босатылады;
– қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерімет қамтамасыз етіледі;
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
– Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
– мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.
2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралды. Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% – ҚХР-дан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% – басқа елдерден келген.
Пікір қалдыру