Әлеуметтік желі мен бірнеше ақпараттық сайтта "Алматыдағы студенттер далада қонып жүр" деген ақпарат тараған еді. Ғылым және жоғары білім министрлігі оларды зерделеп, көпшілігі бір парақшадан алынғанын және ондағы мәліметтің расталмағанын хабарлайды, деп жазады sputnik.kz сайты.
БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желідегі парақша иелері министрліктің баспасөз қызметіне ол студенттер жайлы нақты деректерді ұсына алмаған.
"Осыған орай қоғам өкілдері мен Бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Студенттердің жатақханаға орналасуына қатысты сұрақтар туындаса жоғары оқу орындарының әкімшілігіне хабарласуды сұраймыз. Ал, университеттер шәкірттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда орын жетпеген студенттер хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылады" делінген ведомство хабарламасында.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев студенттерді жатақханамен қамту мәселесі толық шешілгенге дейін Алматыда болатыны хабарланды.
Пікір қалдыру