Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдағы президент сайлауы туралы пікір білдірді.
– Биылғы президент сайлауы 7 жылдық мерзіммен өтуі керек деп есептеймін. Бұл – менің жеке пікірім. Оны әріптестерім де қолдап отыр, – деді палата спикері.
Ерлан Қошановтың айтуынша, президенттік басқару формасындағы Қазақстан үшін президенттің қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық мерзімге сайлануы – өте қажетті әрі маңызды норма. Ол ел дамуының либералдық бағытын күшейтеді және президент реформаларына толық сәйкес келіп отыр. Бұл –суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі арылуға мүмкіндік береді.
Ерлан Қошанов биліктің жиі ауысуын қамтамасыз ететін норма оның монополиялануына жол бермейді, 7 жыл қолға алған реформаларды іске асыру үшін жеткілікті уақыт деп есептейді.
Сонымен бірге палата спикері егер президент қазір 5 жылға сайланса, содан кейін конституцияға 7 жылдық президенттік мерзім туралы түзетулер енгізілсе, онда сайланған президентке тағы да 7 жылдық мерзімге қайта бару үшін құқықтық мүмкіндік пайда болуы мүмкін екенін айтты.
Пікір қалдыру