«Алматы» телеарнасы жаңа маусымда қандай жобалар ұсынады?

/image/2022/09/08/crop-12_57_381x678_20220908151529_54543.jpg

«Алматы» телеарнасы рейстайлинг, жаңғырған тұжырымдама және хабар тарату кестесіндегі тың өзгерістерді біріктіретін жаңадан қабылданған біртұтас имидждік стратегия негізінде жаңа маусымды бастап жатырү

Телеарна жаңа маусымда өзіндік өнім ретінде 26 бағдарлама ұсынбақ. Олардың он бірі – жаңа жоба. Көрермен сұранысын қанағаттандыра алмаған 13 бағдарлама жабылса, 4 тележобаның форматы өзгертілді.

Телеканалдың бас директоры Тимур Базарбаевтың айтуынша, брендтің өзгеруі «Almaty TV» арнасының жаңғыруын және өнім сапасын арттыруға, дәстүрлі эфир мен цифрлық интернет синергиясына бет алғанын көрсетеді. «Алматы» телеканалы ересектер аудиториясын да, әлеуметтік желілер мен онлайн ресурстарды кеңінен қолданатын жас көрермендерді де қамти алатын «заманауи классикаға» барынша көңіл бөлмек.

 

«Хабар таратудың жаңғырған тұжырымдамасы жастарды көбірек қамтуды көздейді. Сондықтан біздің бағдарламаларымызда отбасылық құндылықтарды нығайтуға және отбасы мүшелерінің ынтымағын арттыруға баса көңіл бөлінеді. Телеканал бағдарламаларында Отанға деген махаббат, жақынға жанашырлық, тарихымызға, мәдениет пен өнерімізге құрметпен қарау сияқты сияқты қасиеттер дәріптеліп отырады. Өндірілетін бағдарламалар мен телехикаялардың 75 пайызы қазақ тілінде болады. Біздің басты мұратымыз – көрермендерге дер кезінде, әрі шынайы ақпарат беру. Біз халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтерумен қатар, көптеген сауалдарға көрермендермен бірге жауап іздейміз. Біздің басты міндетіміз – осы» деп атап өтті Тимур Базарбаев.

 

Almaty TV жаңа маусымда ұсынып отырған жобалардың ішінде Айнұр Ілиясова, Інжу Әнуарбек, Айым Бегматтың әйел мен бала денсаулығы туралы «Ана мен бала» бағдарламасы, Серік Ақышевтің «IQ Almaty» атты мектеп оқушыларына арналған интеллектуалдық викторинасы, демалыс күнгі таңғы шоу «Сәлем, Алматы!», «Жұлдызды такси» атты музыкалық-әзіл бағдарламасы, сондай-ақ, «Алматыдағы әңгіме», «Таңғы студио», «Алматинские истории», «Алматы со вкусом», «Обо всем без купюр», «Шешімі бар», «Темір тұлпар» сияқты жобалар бар. Жаңа маусымда айтыс жанрына арналған «Біржан – Сара ізімен» атты ерекше форматтағы бағдарламаның тұсауы кесілмек.

Биылғы күзде «Алматы» телеканалы өзіндік өнім ретінде бірнеше телехикая ұсынбақ. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің повесі желісімен түсірілген «Қилы заман» телехикаясы, «Жазмыш» мелодрамалық телехикаясы, «Ақ пен қара», «Медеудегі кездесу», «Менің бапкерім - 2» және «Тайталас», «Менің үйім" ситкомы, сонымен қатар, Баян Алагөзова ұсынған «Томпи» комедиясы бар. Телеканал алғаш рет «co-production» принципі бойынша, «Salem Social Media» компаниясымен бірлесіп, «Бизнес по-кыздарски» телехикаясын ұсынады. Бұл телехикая авторлары – YouTube желісінде миллиондаған көрермені бар жас сценаристер мен режиссерлер.

Ертең, 9 қыркүйекте, сағат 20:00-де «Almaty TV» эфирінен «Ұлы Селжүктер» телехикаясы көрерменге жол тартады. Түрік телевидениесі шығарған бұл ең ірі, тарихи тележобаның бір ерекшелігі, онда отандық «HasSak» этнографиялық ансамблінің орындауында қазақтың 9 күйі беріледі. Сонымен қатар, бұл жобаға Жайдарбек Күнғожинов жетекшілік ететін кәсіби каскадерлардан тұратын «Nomad Stans» тобы қатысқан.

«Алматы» каналын дамыту барысындағы тағы да бір негізгі бағыт – диджитал-ортада өзіндік контент қалыптастыру. Мысалы, жақын арада әлеуметтік желілерге «Я репортер», «Jelide», «SuperМен», «Күндерек», «#REC» , т.б. интерактивтік жобалар жол тартады .

21 шілдеде Almaty.tv сайты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпараттық агенттік және желілік басылым ретінде есепке алу туралы куәлігін алды. 4 тамыздан бастап «Алматы» телеарнасы Қазақстан Республикасының барлық аумағында міндетті түрде көрсетілетін каналдар тізіміне енгізілді.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар