Мәжілістегі үкімет сағаты: Ауылдардағы денсаулық сақтау реформаларының барысын баяндалды

/image/2022/10/10/crop-186_179_2628x4672_4.jpg

Мәжілісте биылғы парламенттік сессиядағы алғашқы үкімет сағаты өтті. Отырыс ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауыл тұрғындарын медициналық қамтамасыз етуде бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып, мемлекет басшысының Жолдауында айтылған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Жиынды ашқан парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі таңда қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын, оның 3,6 миллионы немесе 46 пайызы балалар мен қарттар екенін атап өтті. Ал оларды сапалы медицинамен қамтамасыз ету ерекше назар аударуды және жаңа жұмыс әдістерін қолдануды талап етеді. 

 

«Өкінішке орай бірқатар себептерге байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мәселелерін жедел шешуді қажет ететін көптеген мәселелер қордаланып қалған. Медициналық көмектің қол жетімділігін артыру ауылдық жерлерде маңызды мәселеге айналып отыр. Бұның барлығы ескірген материалдық-техникалық базаға, дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың тапшылығына, медициналық техниканың жеткіліксіздігіне, дәрі-дәрмектерге қол жетімділіктің болмауына және басқа да жайттарға байланысты болып отыр», – деді Б.Кесебаева. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берген тарпсырмасын орындау мақсатымен келесі жылдан бастап «Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылатынын атап өтті.

«Бұл жобаның басты мақсаты – медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту. Ол үшін алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандары, 32 ауданаралық көпсалалы ауруханалар ашылатын болады. Оған 217 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді», – деді Б.Кесебаева.

Өз сөзінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгінде ауылдарда 5 мыңнан астам ұйым медициналық көмек көрсететінін айтты. Оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 мыңнан астам дәрігерлік амбулатория, 200 емхана мен 200 аурухана бар. Ауруларды уақытылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 миллионнан астам баланы қамтитын профилактикалық тексеру, 1,6 миллионнан астам ерте шақтағы балаларға скринингтік зерттеу жүргізіледі.

Суретті түсірген С. Майлыбаев

Бұл ретте министр ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселе бар екенін жоққа шығарған жоқ. Олардың көпшілігін бүгін депутаттар да көтерді.

 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы нысандарды түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық мекеме жоқ. 400-ге жуық ауылда медициналық нысан жалға алынған, апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ауылда алғашқы медициналық көмек инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған», – деді А.Ғиният.

Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова өз баяндамасында ауылдардағы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сапалы жүзеге асыру екеніне назар аударды.

«Салынып жатқан нысандарды сала мамандарымен, соның ішінде ультра дыбыстық зерттеу, МРТ, КТ аппараттарында жұмыс істей алатын медициналық мамандармен қамтамасыз ету бойынша күнтізбелік жоспар әзірлеу қажет деп есептейміз. Ол үшін медицина қызметкерлерінің тапшылығына зерттеу жүргізген жөн», – деді Ж.Нұрманбетова.

Жиын барысында Мәжіліс депутаттарының сауалдарына құзырлы орган өкілдері де жауап берді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бойынша біраз тақырып қозғалды. Ол – жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, білікті медициналық кадрларды тарту, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік пункттер салу, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету.

Өз кезегінде депутат Зарина Камасова министрге және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасына сауал жолдады.

 

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қазақстанның 3,5 млн азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Олардың 46%-ы ауылды жерлерде тұрады. 1,6 миллион сақтандырылмаған ауыл тұрғындарына медициналық қызмет тек шұғыл жағдайда ғана көрсетіледі. Басқа кезде ақылы түрде болады. Бұл ретте 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауылда жүрек-тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 11 пайызға артқан. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың 10,5 пайызға өсуі байқалады. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасына сұрақ қойғым келіп отыр. МӘМС жүйесіне ауыл тұрғындарын қалай тартасыздар?»  – деді депутат. 

Сондай-ақ З.Камасова Денсаулық сақтау министрлігіне барлық ауыл тұрғыны үшін сақтандыру мәртебесін ескермей, скринингтер мен басқа да маңызды медициналық қызметтерді жүргізуді ұсынды.

«Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем аудару туралы норманы түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіп, МӘМС-тің артықшылықтары туралы айтатын боламыз», – деп түсіндірді қор басшысы Айдын Ашуев.

«Дәрігер ретінде мен барлық кәсіби тексерулерді, скринингтерді Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) аясында жүргізуді қолдаймын. Бірақ бүгінгі күні ТМККК-да қаражат жеткіліксіз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан оны болашақта қарастырамыз, мүмкін тәсілдерді өзгертеміз. Біз скринингті он жылға жуық уақыт бойы жүзеге асырып келеміз және ауылда анықталу деңгейі өте төмен. Ол тек 5-7 пайызды құрайды. Енді біз кәсіби медициналық тексеру жүргіземіз, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын көреміз. Содан кейін шаралар қабылданады», – деп жауап берді министр З.Камасованың ұсынысына.

Үкімет сағатына бейнеконференция форматында Денсаулық сақтау комитеттерінің, медициналық ұйымдардың басшылары, өңір әкімдері мен денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері де қатысты.

Парламент ғимаратының алдындағы алаңда көлік медицинасы құралдарының, санитарлық автокөліктердің, жылжымалы дәріхана бекеттерінің көрмесі өтті. Ал мәжіліс залында үш ауданаралық аурухана – Еңбекшіқазақ, Аягөз және Меркі Орталық көпсалалы ауруханаларының үздік тәжірибелері таныстырылды.

 

«Мемлекет басшысының ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын сапалы әрі уақтылы іске асыруымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорлары алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін тығыз байланыста болып, пәрменді әрі шұғыл шаралар қабылдауы қажет», – деп түйіндеді Балаим Кесебаева. 

Суретті түсірген С. Майлыбаев

Айта кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы туралы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жоба шеңберінде екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салуды, оларды толық жарақтандыруды, аудандық ауруханаларды көпсалалы медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғыртуды, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін және ауыл тұрғындарын скринингпен қамтуды ұлғайтуды, сондай-ақ медициналық ұйымдар базасында елді мекендерде дәріхана пункттерін ашуды, кадр мәселелерін шешуді және ауылдағы бірқатар медициналық ұйымдарды дамытудың басқа да бағыттарын жетілдіруді тапсырды.

Мәжілістің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар