Мәжіліс салық туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерді қабылдап, ел аумағына шетелден 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін кірген көліктерді заңдастыру үшін алынатын бір реттік төлем мөлшерін айқындады.
Екінші оқылымда мақұлданған жобаға сай, бір реттік төлем мөлшері 200 мың теңгені құрайды.
Заңдастырылатын көлік құралының категорияларын, тәртібін, шарттары мен төлем жасау мерзімін үкімет анықтайды.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі заңдастырылған автокөліктерге ақ номер берілетінін, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген көлік иелері кеден алымдарын төлейтінін, көліктің жасы мен экологиялық классына талап қойылмайтынын хабарлаған.
1 қыркүйектен кейін кіргізілген, іздеуде жүрген, бұрын тіркелген елден есептен дұрыс шығарылмаған, рөлі оң жақтағы көліктер заңдастырылмайды.
Ал жалпы процестің жай-жапсары алдағы уақытта белгілі болады. Көліктерді заңдастыруды 2023 жылғы 1 қаңтардан бастау көзделіп отыр.
Пікір қалдыру