Белгілі ақын, жыршы Қайрат Құлмұхаммед халықаралық TURKSOY ұйымының Mabtumkulu FIRAKI атындағы сыйлықтың иесі атанды.
Марапат ақынға ресми түрде салтанатты жағдайда табысталды.
Қайрат Құлмұхаммед 1966 жылы 21 тамызда Қытайдың Шынжаң автономиясына қарасты Жеменей ауданында дүниеге келген. Туған жерінде орта білім алған ол 1990 жылы Шынжаң консерваториясында Мәдениет саласын басқару мамандығын игеріп, 1992 жылы Шынжаң университетінің филология факультетін тәмәмдаған.
1985 жылы 19 жасында айтыс сахнасына шыққан ол 1999 жылы Қытай қазақтарының бас айтыс ақыны атағына ие болды. Жазба ақындық пен ежелгі жыраулық дәстүрді ұстанып, сол елдегі екі миллион қандастарымыз ортасында ғана емес, сонымен бірге Қазақстан халқына да өз есімін кеңінен танытып үлгерді.
1998 жылдың сәуір айында "Қытайдың осы заманғы әйгілі көркем өнершісі" деген мемлекеттік сыйлығын алды. 1999 жылы желтоқсанда Америка Құрама Штаттарында
белгіленген "Әлемнің әйгілі адамы" деген марапатты атаққа ие болған. 2003 жылдың қаңтар айында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Халықаралық ақындар айтысында бас бәйгені жеңіп алған. 2003 жылдың мамыр айында Ресейдің Омбы қаласына өнер сапарымен барып, Ресей думасының депутаты Олег Смолиннің қолынан іХалықтар достығының үздік жыршысы" деген алғыс хатпен марапатталды. 2003 жылғы шілде айында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өткен ақындар айтысында бас жүлдегер болды.
2005 жылдың шілде, тамыз айларында Түркияға арнайы шақырумен барып, ол елден екі марапаттау дипломымен оралды. 2007 жылғы мамыр айында Германияның Мюнхен қаласында өткен Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайында орындаған тамаша толғауы үшін ол елден де алғыс хат алып қайтты.
Қайрат Құлмұхаммедұлының 1991 жылғы Қазақстанға алғаш сапарлай келгенде орындаған "Сәлемдеме" толғауы оның ақындық атағын тіпті де аспандата түсті. 1998 жылы Семей қаласында өткен Шәкәрім Құдайбердіұлының 140 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысында бас жүлдені еншіледі.
2002 жылы Түркістанда, 2005 және 2011 жылдары Астанада өткен Дүниежүзі Қазақтарының ІІ, ІІІ, ІV Құрылтайларында жазба ақындардың жыр мүшәйрасында айрықша көзге түсіп жүлдеге ие болса, 2003 жылы сәуір айында Астанада бес мемлекеттің ақындары қатысқан Халықаралық айтыста биік талантымен жұртты таң қалдырды.
2001 жылы тамыз айында Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, Алматы қаласына қоныстанған ол еліміздегі халықтық сипат алған барлық мәдени-әлеуметтік шараларға белсене араласып келеді.
Пікір қалдыру