Қазақстан кәрістері бірлестігі төрағасының кеңесшісі Георгий Кан Алматы қаласындағы этно мәдени қауымдастықтардың міндеттері мен жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, Алматыда 100-ден аса ұлт өкілі бар. Бұл туралы Қоғамдық келісім ұйымы жұмысының 9 айдағы қорытындысы мен президент жолдауына орай этномәдени орталықтарға қолдау көрсету шаралары туралы өткен Алматыдағы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлім етті.
"Алматы қаласы көпұлтты 2 млн адамды қамтитын үлкен мегополис екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қалада 100-ден аса ұлт өкілі бар. Қаламызда 2021 жылы ашылған «Достық үйі» бар. Бұл жерде 35 этно-мәдени қауымдастық бар. Бұл қауымдастықтар мен мекемелер тек бір ғана мақсатта жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – ұлттардың бірлігін қамтамасыз ету", дейді Қазақстан кәрістер бірлестігі төрағасы.
Георгий Кан 2022 жылдың бүкіл Қазақстан халқы үшін ауыр болғанын, алайда бірлікте бұл қиындықты да еңсергенін айтты.
"Қазір біздің жұмыс өте ауқымды. 2022 жыл біз үшін өте ауыр, күрделі жыл болды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ұлтаралық келіспеушілік орын алмас үшін бірлесіп жұмыс істедік. Бұл өте ауыр оқиға еді. Бірақ біз ел болып, бір болып аталған қиындықты да еңсердік", деді ол.
Сондай-ақ ол алдағы президент сайлауына қатысты да пікір білдіріп, өз жоспарларымен бөлісті.
"Әр жыл сайын бізге қойылатын талап пен тапсырмалар өзгеретіні белгілі. Себебі әлемдік жағдайлар да, мемлекетімізде де өзгерістер орын алады. Биыл мерзімінен бұрын президент сайлауы өткелі жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сайлауға қатысатын кандидаттар тізімі де жарияланды. Біз де осы жұмысқа бірігіп өз үлесімізді қосудамыз. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алда ашық әрі демократиялық түрде сайлау өтетін болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан жаңа әрі әділетті Қазақстан құру үшін халықтың сенімі маңызды. Халық мемлекеттік қызметкерлерге, полиция органына және билікке сенім артуы керек. Біз осы мақсатта жұмыс істеп келеміз" дейді Георгий Кан.
Пікір қалдыру