Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Анталья қаласындағы "Rixos" қонақүйін ҚР президенті іс басқармасының меншігіне өткізді, деп хабарлады Forbes.kz басылымы.
Басылым мәліметіше, наурыз айының аяғында Үкімет жанынан Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылғаннан бастап белгілі бір активтердің мемлекеттік меншікке, негізінен сыйға тарту шарты нысанында ауысқаны туралы ақпарат анда-санда жарияланып келеді. Үкімет мұндай "сыйлықтарды" қабылдауды тиісті қаулымен бекітеді.
Биыл мемлекетке қайтарылған мүліктер жөнінде ресми ақпарат жарияланбады. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев та қымбат мүлікті қайтаруға мәжбүр болғанын көбі біле бермейді. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі Түркияның Анталья қаласында орналасқан Rixos Beldibi қонақүйі. Аталған мүлік Қазақстанда "Алатау қонақүйі" АҚ ретінде тіркелген.
2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша аудиттелген қаржылық есепке сәйкес, қонақүйдің 23%-дан сәл астамына Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, 77%-ына "Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы" ЖШС иелік еткен. Соңғысы жеке "Елбасы қорына" тиесілі. Ал қор Назарбаевтікі.
Үкіметтің 2022 жылғы 15 ақпандағы №62 қаулысына, ҚБП грифімен (қызметтік пайдалану үшін), сондай-ақ 1 наурыздағы қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес, экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылғанға дейін де мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті "Алатау" қонақ үйі" АҚ мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын ҚР Президенті Іс Басқармасына берген. 16 ақпанда "Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы" ЖШС компания акционерлерінің құрамынан шықққан. Бұл ретте қонақүйдің аудиттелген қаржылық есебінде Қазақстан экс-президентінің үлесін ауыстыру әдісіне қатысты қосымша түсініктемелер жоқ. Бұл сатып алу-сату мәмілесі ме, әлде сыйлық шарты ма, белгісіз болып қала бермек.
Қазір қонақүй толығымен ҚР президенті іс басқармасының иелігіне өтті.
Пікір қалдыру