Бас прокуратура 20 қарашада заңсыз митингілерді өткізуге, қатысуға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға байланысты тараған ақпараттарға қатысты үндеу жасады. Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде сот тыйым салған ұйымның 20 қарашада заңсыз митингілерді өткізуге, қатысуға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға шақырулары тарап жатыр.
"Ұлттық және халықаралық құқыққа сәйкес, терроризмді немесе зорлық-зомбылық экстремизмді насихаттайтын осындай ұйымдардың кез келген қызметіне тыйым салынғанын атап өтемін. "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңмен (5-баптың 6-тармағы, 14-баптың 1-тармағының 2-тармақшасы) олардың осындай акцияларды ұйымдастыруына жол бермеу бекітілген. Егер акциялар мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, басқа да қылмыстық әрекеттер жасауға бағытталған болса, оларды жүргізуге де жол берілмейді (Заңның 14-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы)", - дейді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Бұл заңсыз әрекеттерді жасаумен ұштасқан тыйым салынған ұйымдардың шақырулары, ұйымдастыруы және олармен ұйымдастырылған акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 488-бабы) және қылмыстық жауаптылық (ҚК-нің 179-бабы (билікті күштеп басып алуға шақыру) 405-бабы (сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу)) көзделген.
Еске салайық, бұған дейін ҰҚК сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғысы келген қылмыстық топ ұсталғанын хабарлаған болатын.
Пікір қалдыру