Сүйінбай толғаулары – түрік тілінде

/uploads/thumbnail/20170708200023993_small.jpg

Жамбыл атын­дағы Қазақ мем­­лекеттік филармо­ния­сында «Сүйінбай Аронұлы» атты түрік тіліндегі жаңа жинақтың танысты­рылымы өтті.

Кітап айтулы ақынның 200 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы 
Дүйсен Қасейіновтің ұйытқы болуымен, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың тәржімалауымен оқырман қолына тиіп отыр. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 

Жазушы, академик, профессор Наға­шы­бек Қапалбекұлының айтуынша, Сүйінбай мұралары бұрын-соңды өзге тіл­ге аударылмаған көрінеді. Сондықтан ақынның өлеңдерін топтастырып, жан-жақты талдаған әдеби еңбек Сүйінбай шығармашылығын зерттеу ғылымына қо­сылған үлкен үлес болып табылады. 
Ал Қазақстанның ТҮРКСОЙ ұйымын­дағы өкілі Мәлік Отарбаев толайым топтаманың былтырғы жылы атап өтілген «Түркі дүниесінің бас қаласы – Қазан жылының» салтанатты жабылу рәсімінде Мәдениет министрлерінен құралатын ТҮРКСОЙ тұрақты кеңесі қабылдаған шешімнен кейін Анкарада басылғанын жеткізді. 
– Биыл Жетісу ақындарының алтын діңгегі – Сүйінбай Аронұлының 200 жыл­дығы өз елімізде ғана емес, түркітілдес мем­лекеттер арасында да кең көлемде тойлануда. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі менТҮРКСОЙ ұйымының қолға алуымен Сүйінбай жылы аясында маусым айында екі-үш қалада халықаралық кон­фе­ренция табысты өтті. Осы жиыннан кейін Түркияның танымал «Кардеш ка­лем­лер» журналы мамыр айындағы санын Сүйінбай бабамыздың өмірі мен өнеріне арнады. Сол игілікті істердің жалғасы ретінде бүгін алдарыңызға «Сүйінбай Аронұлы» кітабын алып келіп отырмын. Ақынның өлеңдерінен бөлек, Сүйінбай тақырыбында ой толғап жүрген қалам­герлердің мақалалары да түрік тіліне аударылып, енді. Бұл – қазақ халқы үшін үлкен жетістік, ерекше мақтаныш. Өз­дері­ңізбен осы жағымды жаңалық, зор қуа­нышпен бөлісуге келдім,–деді Мәлік Отарбаев. 


Бұдан кейін «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Кәдірбек Құ­ныпияұлы, ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири, М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­-не өнер институтының бөлім меңгерушісі, жазушы Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, профес­сор Темірхан Тебегенов кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке таратты. Сондай-ақ тұ­саукесер рәсімінің ойдағыдай жүзеге асуына қолдау көрсеткен Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік филармония­сының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәліге ТҮРКСОЙ ұйымының естелік сыйлығы табыс етілді. Шара барысында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филар­мо­нияның әншісі Ерболат Шалдыбеков, рес­публикалық байқаулардың жеңім­-пазы, жыршы-термеші Мақпал Тоқтаған, бола­шағынан үлкен үміт күттіретін жас талант Данияр Рахымбаев сияқты өнер иелері Сүйінбай ақынның өсиет-на­қыл­дарын көпшілікке тарту етті. 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, 
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлық­тың иегері, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты: 
– Қазақ шежіресінің соңғы 24 жылы біздің бұрын-соңғы тарихымыздағы көр­некті тұлғаларымызды, ұлыларымызды ұлық­тау жылы болып жалғасып келеді. Соның жарқын мысалы, түркі халқының мәдениетін насихаттау, қайта тірілту, ұр­паққа аманаттау мақсатында жұмыс ат­қарып отырған ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Сүйінбай бабамыздың тойы халықаралық дәрежеде аталып өтуі. Бұл – біздің ұлттық мәртебеміздің биіктегені­-нің бір көрсеткіші. Сүйінбай бабамыз қазақ әдебиетінің тарихында өзінің қай­рат­керлік болмысымен, шығармашылық тұлғасымен дараланады. Басты ерекшелігі дегенде, әуелі оның толғауларында, айтыс­тарында, термелерінде ұлтқа ортақ мәсе­лелерді көтере білгендігін алға тартамыз. Бұған мысал ретінде қырғыз ақыны Қата­ғанмен айтысын тілге тиек етсек болады. 


Зерттеушi Сұлтанғали Садырбаев айт­қандай, Сүйiнбай мен Қатағанның сөз сайысы – еларалық, ұлтаралық айтыс. Бұл айтыста Сүйiнбай ақын өзiнiң шығар­ма­шылық қуатының айбатын, айбынын, өмiр шындығына сай асқақтата, көркем бей­нелiлiк кестеленген тiркестермен жыр­лаған.
– Күйдiремiн шоқтайын, 
Кетерсiң жанып оттайын! 
Қос өкпеңнен қадалдым,
Садаққа салған оқтайын.
…Аспанға шығып шарықтап, 
Қанатымды серпейiн,
Жанып тұрған жалынмын, 
Сүйегiңдi өртейiн. 
…Төбеңнен әкеп өлеңдi, 
Қос уыстап құяйын. 
Төбеңнен өлең сауласа, 
Сонда болар уайым. 
Шығарма, Қатаған, үнiңдi, 
Есiңде сақта құлаған, 
Қанатың сынған күнiңдi, – деп қар­сы­ласына дес бермейді. 
Осы Сүйiнбай мен Қатаған айтысы­-ның еларалық, ұлтаралық өнер сайысы ретiнде танылатын ерекшелiгiн айқындап айту – бүгiнгi уақыттың өзектi талабы. Қыр­ғыздың да, қазақтың да дербес, ұлт­тық тарихы бар. «Сүйiнбай мен Қатаған айтысының» композициясындағы, көр­кем­дiк мазмұнындағы әрбiр ақынның жыр­лауынан мынадай ерекшелiктердi саралап тануға болады. Бiрiншiсi – қырғыз бен қазақ арасындағы ұлтаралық достық бай­ланыстардың мәңгiлiк жолын құрмет­теу. Екiншiсi – қырғыздың да, қазақтың да ұлттық-халықтық дербес этностық тұр­ғы­да қалыптасқан қалпын бағалау. 

Халықтардың достық, бауырмалдық сезiмдерiн, адамгершiлiк iзгiлiк қарым-қатынастарын жырлау – осы айтыстың алтын арқауы. Халық әдебиетiнiң ежелгi жанры айтыстың көркем әдеби туынды ретiндегi шеберлiкке негiзделген құры­лы­сын, мазмұнын осы ұлтаралық достықты жырлаған сарынның нығайтып тұрғаны анық. Айтыстың ұлтаралық достық, туыс­қандық байланыстарды танытатын да ерекшелiктерi бар. Оның ең бастысы – Сүйiнбай ақын-өлеңдерiндегi туысқан елге, қырғыз халқына арналған жылы, дос­тық сезiмнiң берiлуi. Алғашқы ди­дар­ласу, сәлемдесу жырында «Бауырлас, қырғыз елi, саған келдiк», «қанаттас қыр­ғыз елiн көрмек үшiн» деп асқа келген көңiл күй мақсатын айқын жырлайды.
– Бас қосқан екi халық ұлы жиын, 
Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай, 
Қол жайып, Құран оқып өткендерге, 
Аруағын атам қырғыз келдiм жоқтай, – дейді. 
Қатағанның айтыста үстемдiк алуы, жеңiске жетуі үшiн қырғызды мадақтап, қазақты кемiткiсi келген психологиялық шабуылдарына Сүйiнбайдың достық, туыс­тық хақындағы сөздерi тосқауыл жа­сайды: 
– Жақпады маған қылығың, 
Тыныштыққа бетiң жоқ.
Тiлейсiң бе халықтың, 
Жаугершiлiк бүлiгiн. 
Елдi сақтау мiндетi, 
Ақынның бiлсең, Қатаған, 
Құрысын мұндай ырымың! 
…Қазақ, қырғыз елдесiп, 
Тыныштықта тұрғанда 
Анау-мынау демегiн! 
Еларалық-ұлтаралық мұндай айтыс­тар – бейбiт қатар өмiр сүруге дәнекер болатын мәдени қазына. Халықтардың дер­­бес болып қалыптасқан өзiндiк та­рихын құрметтеп жырлау арқылы ақын­-дар жалпы адамзаттық гуманистiк мұ­рат­тарды игердi. Ақындардың өзiнiң туған елiн сүйген перзенттiк махаббат әуендерi туысқан халықтарға арналған достық сезiмдерiмен ұштаса келе, өнердiң жалпы адамзаттық гуманистiк мұраттарымен толық үндестiк тапты. 
Қорыта айтқанда, Сүйiнбай мен Қа­та­ған айтысы – қырғыз-қазақ халықтары­ның кең-байтақ даланы мекендейтiн гео­графиялық кеңiстiгiн танытатын шығар­ма. Айтыста қырғыздың Ыстықкөл жай­лауы, Алатау өңiрi, қазақтың барлық өл­кесi, Жетiсу, Сыр бойы, Сарыарқа, Едiл, Жайық өзендерi мен Орал тауы төңiрегi және сол мекендердегi қазақтың ататек­-тiк жүйесiндегi барлық әулеттер толық қамтылады. Демек, бұл айтыс – Сүйiн­байдың бүкiл қазақ елiн тұтастай қамтып жырлаған нағыз ұлт ақыны екендiгiн дә­лелдеген шығарма. Сүйiнбай қазақ дала­сын мекендейтiн барлық ататектiк-әулет­тiк жүйенiң әрқайсысына тән ерлiк, елдiк қасиеттердi саралай, нақты тарихи дерек­пен поэтикалық ажарлау тiлiмен жыр­лады, ұлттық тұтастықты «қарға тамырлы қазақ» қалпымен құрайтын тарихи, таби­-ғи ерекшелiктi мадақтайды. Ақынның бүкіл қазақ халқын толық қамтыған қай­раткер тұғырындағы көңілі, оның өрне­гіндегі көр­кемдік кестелері тұтасқан бұл туынды – айтыс жанрының нағыз клас­си­калық үлгісі. Сондықтан Сүйінбайдың кі­табының Түркияда шығуы және жинаққа қазақ-түрік ғалымдарының зерттеу мақа­ла­ларының енуі – ұлттық бірлігіміздің көрсеткіші. Сүйінбай шығармашылығы енді әлем кеңiстігінде, әлем өркениетінде, біздің түркітілдес халықтардың мұрасын білетін планетада насихатталатынына кү­мән жоқ!

Қатысты Мақалалар