Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаттары Алаш Республикасының құрылған күні 12 желтоқсанды «Алаш күні» деп ресми белгілеп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы бастама көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.
«Қазақ хандығы 1847 жылы мемлекет ретінде тарих сахнасынан кеткеннен кейін араға тура 70 жыл салып, 1917 жылдың желтоқсанында сол Қазақ хандығының жер аумағында Алаш ұлт-азаттық қозғалысы заманауи Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтеріп, осы жылдың 5-12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш орда ұлттық кеңесін жасақтап, үш баламалы үміткердің ішінен (Айдархан Тұрлыбайұлы, Бақытгерей Құлманұлы) көпшілік дауыспен Алаш Республикасы үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Бұл туралы Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы санында: «...Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді...» деп жазған болатын. Іс жүзінде хандық үлгідегі ыдырап кеткен Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда, яғни, бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалауда жиырмасыншы ғасырдың басында заманауи Қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білім мен қажыр-қайратын салып, осы жолда шахид болған Ұлт көсемдерінің, Алаш Республикасы арыстарының ролін ерекше атап өтуіміз керек» деді депутат Берік Дүйсембинов.
Депутаттың айтуынша, 29 маусымда «Ақ жол» фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдап, алайда тарихи дата атаусыз қалған.
«Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Құрметті Әлихан Асханұлы! Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы Алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды» делінген депутаттық сауалды.
Пікір қалдыру