Журналист, жазушы Дәурен Омаров бұрғылау саласындағы жетекші "KMG Drilling&Services" ЖШС-нің атқарушы директоры болып тағайындалды.
Дәурен Бауыржанұлы Омаров Алматы қаласында дүниеге келген.
ҚазҰУ шығыстану факультетіне оқуға түсіп, ұзамай іріктеу сындарынан өтіп, Қытайға оқуға жолдама алады.
2005-2006 жылдары Шығыс-Қытай педагогикалық университетінде қытай тілі курсынан өткен.
2006-2010 аралығында Шығыс-қытай ғылым және теxнологиялар университетіне инженерлік менеджмент мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.
2010-2012 жылдар арасында атаулы білім ордасында магистратурада оқып, экономикалық құқық магистры дәрежесін алған.
Білім алумен қатар республикалық "Айқын", астаналық "Астана ақшамы" газеттерінің Қытайдағы тілшісі қызметтерін қоса атқарған. Атаулы басылымдарға 100-ден астам танымдық мақалалары шыққан.
2012 жылдан бастап "Қазақстан" ұлттық арнасының Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. Жұмыс бабымен Қытайдағы қазақтар тұратын бүкіл мекенді аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен жете танысады. Аталған қызметті 2015 жылдың желтоқсанына дейін жүріп, 600-ден астам бейнематериалын жариялаған.
2015-2016 жылдар аралығында ҚР Шанxай (ҚХР) қаласындағы бас консулдығында қызмет істеген.
Артынша Шығыс-қытай ғылым және теxнологиялар университетін қоғамдық менеджмент және әлеуметтік саясат факультеті докторантурасын тәмәмдаған.
2022 жылғы мамырда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды.
Осы уақытқа дейін қытайтану тақырыбында "Ерте тұратын ел", "Мерекесі мол мемлекет", "Жаһанға жайылған жұрт" атты кітаптары жарық көрген.
Дәурен Бауыржанұлының ізденімпаздылығы жоғары бағаланып, мемлекеттік басылымдарда жарияланған еңбегі үшін "Жастар – 2011" республикалық жастар премиясының "Жылдың жас журналисті" номинациясының, 2012 жылы "Шабыт" халықаралық фестивалінің проза жанры бойынша гран-приінің, 2017 жылы "журналистика номинациясы бойынша "Дарын" мемлекеттік жастар премиясының иегері атанды.
Пікір қалдыру