"Неге тартынуым керек?": Ринат Зайытов "Аманат" партиясының қатарына қосылу себебін түсіндірді

/image/2023/02/07/crop-21_6_708x1259_image.jpg.webp

Ринат Зайытов Instagram парақшасында "Аманат" партиясы мәжіліске ұсынып отырған тізімнен табылуына байланысты пікір білдірді.

"Өмір жолы шынымен бұралаң-ау. Дәл мен "Аманат" партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. "Бұл қалай болып кетті?"- деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін.

Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзі сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар? Сол мүмкіндіктің үлкені осы "Аманат". Көңілімдегі күннен күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды. Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім. Бүгін сол "Аманат" партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті, – деп жазды айтыскер.

Ол партия құрамының өзгеруі ойын өзгерткенін атап өтті.

"Құрамын 75% жаңартқан партияда: Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай секілді ағаларымды Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайдай замандас-бауырларымды көрдім. Бұл дегеніміз, Ерлан Жақанұлы Қошановтың жаңаша іске кірісуге және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға дайын екенін білдіреді. Өзіме де сол өзгеріске қатысудың сәтін тудырды. Неге тартынуым керек? Иә, мен өз отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл – өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз! Біз Аманатқа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік, –делінген жазбада.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар