Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза болған тағы бір қазақстандықтың денесі табылды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
"10 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласында құтқару-іздестіру жұмыстары барысында әйелдің денесі табылды. Алматыдан келген туыстары оны ҚР азаматы Жанар Жақсыбекова деп таныды", - делінген хабарламада.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан әйелдің денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сондай-ақ, қажет құжаттарды рәсімдеуге көмектескен. Марқұмның денесі Талдықорған қаласына жеткізілген.
"Тасымалдау бойынша барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды. Сонымен қатар, Pegasus түрік авиакомпаниясымен қаза тапқан ҚР азаматының бірге келген туыстарына 90 пайыздық жеңілдік беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді" делінген ведомство хабарламасында.
8 ақпанда Түркияның Қазақстандағы елшісі төрт қазақстандық із-түзсіз жоғалғанын хабарлаған. Сол күні үйінді астынан қазақстандық Сабина Мамадьярова құтқарылды. Өткен бейсенбіде қазақстандық құтқарушылар Антакьяда толығымен қираған алты қабатты ғимараттың үйіндісін тазарту кезінде Қазақстан азаматы Әділ Қадырбековтің денесін тапты. Кейінірек екінші қазақстандық Мирболат Құрмашевтың денесі табылды.
Пікір қалдыру