Апелляциялық сот Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал мәдениет басқармасының басшысы болған Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовтың жазасы жеңілдеді.
"Сот алқасының шешімі бойынша Рысқалиев және Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болмағандықтан өзгеріссіз қалдырылды. 4 500 000 теңге мөлшеріндегі пара сомасы Хаменоваға арналған, ол бұл сомадан үлесін алуы туралы келіспеген. Сондықтан Рысқалиевтің әрекеттері пара алуға жәрдемдесу ретінде қаралды" делінген Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Хаменова журналистерге білдірген пікірінде Жоғары сотқа шағымданатынын айтты.
"Бүгінде қарға қарғаның көзін шұқыған жоқ. Өңірдегі судьялардың дербес, әділ шешім шығаруда ешқандай билігі жоқ екендігіне көз жетті. Өңірдегі құқық қорғау органдарына сенің ақиқатыңның құны көк тиын. Менің ешкімім жоқ. Оны бәрі біледі. Ендігі үміт тек Жоғарғы сотта. Адамның сотынан құтылғанмен, Алланың сотынан ешкім құтылмайды. Мен өзімнің шындығымды, ақтығымды дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін" деді Бақытгүл Хаменова журналистерге.
Бақытгүл Хаменоваға алдын ала келісім бойынша пара алды деген айып тағылған. Сот оны кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу үш жылға шегерілген.
Пікір қалдыру