«5 күн далада қалдым»: Көпбалалы ана қалай миллионер атанды?

/image/2023/02/22/crop-4_343_667x1187_img_7491.jpg

Әлеуметтік желі біреу үшін қызығушылық болса, енді бірі үшін табыс көзі. Атыраулық Гүлзат Өтемісқызының инфобизнеспен айналысып жүргеніне 3 жылдан асты. Алғашында ақша табу үшін бастаған бұл кәсіп қазір оның миссиясына айналған. Qamshy.kz 2 мыңнан астам қыз-келіншектің кәсіппен айналысуына атсалысқан 5 баланың анасы Гүлзат Өтемісқызымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

– Гүлзат Өтемісқызы онлайн бизнес саласына қалай келдіңіз? Жалпы бизнес бастауыңызға не түрткі болды?

– 2017 жыл. Ол кезде 3 балам бар. Күйеуім Атырауда вахтада жұмыс істейді. Жалақысы жақсы болса да, айлықты жеткізе алмаймыз. Несие бар, қарыз бар. Күнде вермишель, макарон пісіретін едім. Сондай күндердің бірінде балам «Бүгін де макарон ба? Мен жемеймін» деді бұлданып. Түсінбей не себеп болғанын сұрадым. «Біз неге басқалар секілді ресторанға бармаймыз? Қыдырмаймыз» деп балам ренішін білдірді. Кішкентай қызым Кәусар өскен соң жұмысқа тұратынымды айтып баламды көндіруге тырыстым. Ал ол қоярда қоймай «Балалардың бәріне мен қараймын. Сен жұмысқа шықшы» деді. Аң-таң болдым. Менің бизнеске араласуыма, жеке дамуды қолға алғаныма осы оқиға себеп болды.

Әрине, алғашында негатив ойлар болды. Қалай мен жұмыс істеймін? Үйде отырып табыс табу мүмкін емес. Адам дамуды қолға алып, идеясын жүзеге асырар кезде тәуекел жасай білуі керек. Сол кезде көзді жұмып қойып тәуекел жасамағанымда қазіргі Гүлзат бола алмас едім.

Алғашқы жолым түрлі желілік маркетингтен басталды. Жеке кәсіп бастаймын деп Алматыдан тауар алып саттым. Нәтиже жоқ. Сол жылдары қатты агрессивті болдым. Өзіме көңілім толмайтын. Бірде түпсанаға байланысты тренингке қатыстым. Ауылдың қызымын. Бұған дейін мені басқалар бөлектеп, менсінбей қарайтындай көрінетін. Бірақ бұл – өзімнің ішкі ойым екен. Осыны түсіне сала өзіммен жұмыс істей бастадым. Тұлға ретінде дамыған сайын басқалармен де қарым-қатынасым жақсарды. Қарым-қатынас жақсарған сайын жаңа идеялар келіп, жұмысым өрге домалады.

Кейін 2018 жылдан бастап SMM саласын дамытуды қолға алдым. Осы салада білімім көбейген сайын әлеуметтік желі – қазынаның қайнар көзі екеніне көзім жете бастады.

ау

– Көпбалалы ана бола тұра бизнеспен айналысу қиын емес пе? Күніңізді қалай жоспарлайсыз?

– Балаларым бала-бақшада, мектепте. Таңертең кетіп, кешке келеді. Атырауда болған кезде қыста балам мектептен жаяу келетін. Кірпіктері суықтан қатып қалған баламды көргенде жүрегім ауыратын. Баламды арнайы қымбат мектепке беруді армандайтынмын. Сол кездегі арманым бүгінгі күнге жеткізді.

Менің де үлгермей қалатын кезім болады. Мінсіз емеспін. Бірақ өзіме еркіндік беремін. Жұмысты қай кезде істегім келсе сол кезде бастаймын. Демалуға да уақыт бөлемін. Бірақ курсқа қатысушыларға жауапкершілік алған соң «демалу керек» деген сөзді мүлдем айтпаймын. Барлық назарым мен ойымды курс қатысушыларына арнаймын. Кейде келеңсіз жайттар болады. Алайда жеке проблемамды курсқа араластырмауға тырысамын. Олар маған отбасылық мәселем үшін емес, пайдалы ақпарат үшін келеді. Сол себепті жауапкершілікті сезінемін.

– Былтыр Түркиямен сауданы үйретемін деген блогерлердің соңынан ерген бір топ қазақстандық «алдандым» деп шағымданған еді. Шетелмен онлайн саудада алданып қалмас үшін нені ескеру керек?

– Ештеңе оңай болмайды. Жеке кәсіпті бастаған кезде неше түрлі қиындықты бастан өткересіз. Ал қиындықты «Осы деңгейден өтуім керек» деп қабылдаған жөн. Кәсіп миллиондаған ақша алып келеді. Енді сенің әрекетің мен бастан өткеретін қиындығың да соған сай болатыны заңдылық емес пе?! Ал алданып қалған адамның көбі миллиондаған несие алады, бірақ сол жақтағы әрекетке дайын болмайды. Арзан тауарға қызығып сата алмай қалатындар да бар. Көбінің алданып қалуына білімсіздігі себеп деп айтар едім. Эксперттің соңынан қалмай, айтқанын істеу керек. Ал көбісіне шу шығарып, ақшасын қайтарып алу оңай болған секілді. Түркиямен, Қытаймен сауда жасап  миллион табатындар бар. Бірақ сауда жасау үшін сол елге барудың қажеті жоқ. Онлайн жасау әлдеқайда тиімді.

– Кез келген кәсіп бір сәтте нәтиже бермейтіні белгілі ғой. Қандай қиындықты бастан өткердіңіз?

– Алматыға білім аламын деп жалғыз келген кезде далада қонғаным бар. Атырауда болғанда пәтерге алдын-ала төлем жасап қойғанмын. Алматыға келсем пәтер де, ақшам да жоқ. Өзіммен бірге 280 мың алып келген едім. Бірнеше риэлторға төлем жасап, ақшадан да айырылдым. 5 күн далада қалдым.

Күздің күні. Таңғы сағат 6:00. Дала қап-қараңғы. Тоңып әрі қорқып отырмын. 2 сағат бойы аулада әткеншекте отырдым. Сол кездегі 2 сағатым 2 жылға пара-пар болды. Таң атып, күн шыққан кезде коворкингке жаяу барамын. 2000 теңге төлеп 24 сағат бойы жұмыс істеуге болады екен. Орталықта ұйықтап қалсам, қызметкерлер оятып жібереді. Себебі ұйықтап отырсаң, шығарып тастайды екен. Үшінші күні курста бірге оқып жүрген қыздардың бірі көмектесті. Бірақ анасы қатал болған соң оны үйінде де ұзақ қала алмадым. Әрине, «Үйге қайтып кетсем бе?» деген ойлар болды. Бірақ балаларымды ойладым. Олардың ешқандай шектеусіз, бақуатты өмір сүруін қаладым.

ука

– Бизнес бастайтын кезде жолдасыңыз қалай қабылдады? Қарсы болмады ма?

– Әйел адамнан қулық артылмайды дейді ғой. Алғашында қарсы болғаны рас. Кейін ойы өзгерді. Қазір әйелдердің көбі жеке дамумен айналысып жүр. Дамығысы келетін әйелдерге күйеуі түк бітірмей, үйде отырғандай болып көрінеді. Ал кейде әйелінің дамып, жақсарып келе жатқанын көрген ер адамның тыйым салуы, «бармайсың, үйде отыр» деуі көбейеді. Мұндай жағдайда әйел адам өзінің дамып, ақша тауып жатқанын міндетсінбеуі керек. Өз басым күйеуімді бизнесмендермен араласып, түрлі кездесулерге баруға итермеледім. Жай ғана «күшті тренинг болып жатыр екен. Барып көрсең қалай?» деп қызықтыруға тырыстым. Алғашында күйеуім келіспеді. Үндемедім. Бірақ өз ортамда күйеуімді жарнамалап жүрдім. Кейін оған қоңыраулар түсі, ұсыныстар жасалды. Осылай жайлап-жайлап бизнеске араласты.

«Вебинарды қалай бастадың? Қалай кәсіп жасап жүрсің?» деп сұрағанда көзге көрінбейтін қиын жұмысты күйеуім жасайтынын айтамын. Әйел адам жұмыс істеген кезде күйеуінің беделін түсірмеу керек. «Сіз рұқсат берген соң осындай деңгейге жеттім» деп мақтап, шабыттандырып отырған жөн. Ер азамат сол кезде өзгереді. Ұрыс-керістің көбі әйелдің міндетсінгенінен басталады.

Сосын біз адамды өзгертуге тырысамыз. Мұндай кезде Алла Тағала өмірімізді берекесіз қылады. Басқаның кемшілігін бетіне баспай, ұрыспай тек қана дұға жасау арқылы адамды өзгертуге болады. Себебі жүректердің әміршісі – Құдай.  Көбіміз жұмыс істеп ақша тапсақ та, сыйлық беріп қуантсақ та қайтарымын күтпей, шын көңілмен жасауды ұмытып кетеміз.

Сұхбаттасқан Әсел Болатқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар