Түркияда болған зілзала құрбандарына күллі әлем қайғырып жатыр. Бұл нәубет қазақ елінің де қабырғасын қайыстырды. Бауырлас Түрік ағайынға рухани қолдау білдіру, демеу болу, көңіл айту ниетінен "Жалғыз емессің, жақыным" атты ән туып, оған бейнебаян түсірілді.
Бейнебаян қазақ-түрік достығы, Қазақстан қиын шақта Түркияға сүйеу болуға, кез келген жағынан демеуге дайын деген идеяларды арқау еткен.
Әннің сөзін "Қамшы" ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш, әуенін әнші Ұшқын Жамалбек жазып, орындайды.
6 ақпан түнгі уақытта Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік-батысында екі қуатты жер сілкінісі болып, 46 мыңға жуық адам опат болды. 20 ақпан Түркияда магнитудасы 6,4 және 5,8 балдық тағы екі жер сілкінісі болып, үш адам қаза тапты. Табиғи апат салдарынан тұтас аудандар мен қалашықтар қирап, мыңдаған адам үйсіз қалды. Зілзала салдарын жоюға бүкіл әлем атсалысып, гуманитарлық, қаржылай көмек жолдап, құтқарушыларын жіберіп жатыр.
Пікір қалдыру