Құрылыс саласындағы отандық өндірушілер импортты ығыстырып жатыр. Алайда импортты алмастыру процесімен бағаның күрт өсуі қатар жүріп келеді, деп жазады energyprom.kz порталы.
2022 жылы құрылыс материалдарын шығаратын қазақстандық компаниялар өндіріс өсімі бойынша алдыңғы жылғы табысты қайталай алмаған. Өнеркәсіптегі өнімінің нақты көлем индексі өткен жылдың желтоқсан айында 101,3%-ды құраса, 2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 109,8%-ға жеткен. Алайда саладағы мұндай жоғары өндіріс көрсеткіштері соңғы рет 2013 жылы ғана тіркелген.
Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі алғаш рет триллиондық межеден асты. Дәлірек айтқанда, жалпы өнім көлемі 1,13 трлн теңгені құрады, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда құндық мәнде 230,7 млрд теңгеге (немесе 25,6%) артық.
2022 жылы елде отқа төзімді емес керамикалық кірпіш (64,3%), силикат және қож (шлак) кірпіш (18%), цементтен, бетоннан немесе тастан жасалған плитка (16,9%) өндірісі айтарлықтай қысқарса, құрылыс ерітінділері (25,1%), әрлеу тастары (7,8%), гипс (26,6%) және әртүрлі отқа төзімді құрылыс бұйымдары (38%) өндірісінің көлемі ұлғая түскен.
2022 жылдың қаңтар-қараша айларында "QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ сарапшылары отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесін 66% деп бағалады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Ұйым мамандары екінші жыл бойы қазақстандық өндірушілердің ел ішіндегі нарықтағы үлесінің артқанын атап өтті.
"Құрылыс материалдарының бағасы 2021 жылдың маусымында айтарлықтай өсті. Сонда өңдеуші кәсіпорындардың баға индексі 106,9%-ды құрады. Ең жоғары көрсеткішке 2022 жылдың мамыр айында 112,3%-ға жетті. 2022 жылдың екінші жартысында динамика аздап төмендеді, бірақ бағаның өсуі бұрынғысынша сақталды (107,3%–111%). Құрылыс материалдарының қымбаттауы басқа инфляциялық факторлармен қатар жаңа ғимараттардағы тұрғын үй бағасына да әсер етті. 2022 жылы бір шаршы метр тұрғын үй құрылысына орташа нақты шығын 129,1 мыңнан 148,7 мың теңгеге дейін өсті. Бұл соңғы бес жылдағы бағаның ең үлкен серпіні"
Пікір қалдыру