Ресей президенті Владимир Путин Ресей Федерациясы ыдыраған жағдайда орыс халқы этникалық топ ретінде жойылып кетуі мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, Ресейді ыдырату – Батыстың басты мақсаттарының бірі.
"Егер біз осы жолмен жүрсек, Ресейдегі көптеген халықтардың және ең алдымен орыс халқының тағдыры түбегейлі өзгеруі мүмкін. "Орыс халқы" сияқты этностың болашақта сақталуы да екіталай" деді ол "Россия-1" телеарнасына берген сұхбатында.
Ресей Федерациясы мен Батыс арасындағы текетірес туралы тілшінің сұрағына Путин АҚШ бұрыннан бері бұрынғы КСРО елдерін таратуды жоспарларлағанын айтты.
"Сонда ғана ыдыраған Ресейдің жекелеген бөліктері Батыс қоғамымен бірігеді" деген ол Батыс мұндай жоспарын қағазға түсіріп қойған деп санайды.
Ол өз сөзінде Батыс елдерін соғысқа араласқаны үшін айыптады. Бірақ соғыстың басталуындағы Ресейдің рөлі туралы ештеңе айтпады.
Оның мәлімдеуінше, НАТО елдері Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысушылар, себебі олар Украинаны тегін қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр.
"Бұл жай ғана әскери-техникалық ынтымақтастық емес. Олар (НАТО елдері) Украинаға көмектескені үшін ақша алмайды! Демек бұл жанама сыбайластық" деді Путин.
Дереккөз: "Москва. Кремль. Путин"
Пікір қалдыру