Бірнеше отандық IT жобаларды біріктірген Bugin Holding ақпараттық технологиялар саласында қарқынды дамып келеді. Холдинг «адами әлеуеттік сапаны арттыру арқылы адамдарды бақытты және табысты ету» миссиясын орындау мақсатында Орталық Азия әйелдерінің дамуы мен өсуіне арналған «Ма!Ма!» жобасына инвестиция құйып, серіктестікте жұмыс жасап бастады.
Бүгінде «Ма!Ма!» мобильді қосымшасын 65 000-ға жуық қыз-келіншек пайдаланады. Қосымша 4 түрлі бөлімнен тұрады: лента, қызмет, маркетплейс және профиль. Лента арқылы дәрігерге сұрақ қоюға, сауалнама жүргізуге, кез келген тақырыпта пост жазуға, пікір қалдыруға, лайк басуға және ұнаған қолданушыға жазылуға болады. Лента бөлімі баланың дамуы мен өсуіне және ана денсаулығына қажетті кеңестер ортасы саналады. Әрбір пайдаланушы кез келген сұрағына осы бөлімде жауап алады. Ал клникалық анализдер тізімі мен жүктілік кезеңін толық қадағалайтын қызмет бөлімі болашақ аналарға кеңес береді. Есім таңдауға және перзентхана сөмкесін дұрыс дайындауға көмектеседі. Маркетплейс бөлімі арқылы қолданушы ана мен балаға қажетті заттар мен гигиеналық тауарларды сатып алады. Ал профильде қолданушының жеке деректері сақталады. Жуырда бұл бөлімде туу туралы кәулікті және бала күтіміне байланысты демалысты рәсімдеу мүмкіндіктері пайда болады деп жоспарлануда.
«Ма!Ма!» қалай құрылды? Бұл туралы Bugin Holding директоры Айбек Қуатбай: «Өткен жылдың соңында командамен бірге холдингтің өсу стратегиясы талқылау кезінде бір идея келді. Холдингте мектепке дейінгі балаға, оқушыға, талапкерге және мұғалім мен инфокәсіпкерлерге арналған арнайы платформалар нарыққа сәтті шығарылды. Осы тұста сол баланы дүниеге әкелген аналарды назардан тыс қалдырыппыз. Бірден миссиямызды еске түсірдік. Адамдарды бақытты әрі табысты ету үшін алдымен қыз-келіншектердің дамуы мен өсуіне арналған өнім әзірлеу арқылы миссиямызды толық орындайтынымызды түсіндік. Қазір бұл ойды досымыз Ерен Қанаттың жүкті әйелдерге арналған «Ма!Ма!» жобасына серіктес болып, бірге жүзеге асырып жатырмыз», - деп түсіндірді.
Қазіргі таңда жоба өз нәтижесін көрсетіп бастады. 61 000 пайдаланушы қосымшаны тұрақты түрде қолданады. Осы уақытқа дейін лентада 213 000 пост, 137 000 пікір жазылған. 3-4 айдағы қарқынды жұмыс нәтижесінде MVP қолданбасының сынағынан да сәтті өтті.
Tower Sensor платформасының жүргізген анализінің қорытындысы бойынша «Ма!Ма!» қосымшасы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде «медицина» категориясы бойынша ең көп жүктелген қосымша болды. Play Market қосымшасында «медицина», «әйел денсаулығы» категориясында ТОП-10 қатарына енді.
Жобаның басты ерекшелігі – әр қолданушыға өзіне ұнайтын ақпараттарды ғана ұсыну. Бұл ақпараттар қосымшадағы жиі кіретін бөлімдер мен қызығушылыққа қарай топтастырылады. Одан бөлек жобаның дамуына өз үлесін қосқан әрбір қолданушыға 500 бонус сыйға беріледі. Бонус арқылы дәрігерге сұрақ қоюға, маркетплейстен тауарды жеңілдікпен сатып алуға болады. Дәрігерге қойылған сұрақтың жауабын да осы бонус арқылы аудио нұсқада тыңдай алады. Қосымшада ана денсаулығы, жүктілік кезеңі, бала туылғаннан кейінгі дамуы мен күтіміне қажетті ең таңдаулы кеңестер беріледі. Жобаның тағы бір ерекшелігі – еркін түрде пікір алмасу мүмкіндігі. Яғни қолданушы жазба және пікір қалдырғанда ешқандай шектеу болмайды. Еліміздің әр өңірінде тұратын аналар әйел денсаулығы мен балаға қатысты тақырыптарды еркін талқылай алатын орта құрады.
Қосымша аудиториясының басты қызығушылығы - жүктілік күнтізбесі. Мұнда жүктіліктің әр кезеңіне арналған тамақтану, салмақты қалыпта ұстау және физикалық қозғалысқа қатысты кеңестер бар. Жүктілік кезеңін жеңіл әрі сәтті өткізуді қалайтын әрбір болашақ анаға «Ма!Ма!» қосымшасы ұсынылады.
Білім беру саласындағы заманауи технологияларды біріктіретін Bugin Holding компаниясы өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне ғана емес, сол ұлтты тәрбиелейтін аналардың дамуы үшін пайдалы өнім әзірлеу арқылы қоғамға пайдалы болуды көздейді. «Ма!Ма!» мобильді қосымшасының жаңа даму стратегиясы мен жоспары жасалды. Ол – осы жылдың маусым айына дейін аудиторияның сұранысына ие танымдық курстар дайындау. Курста декреттік жәрдемақыны рәсімдеу, тегін ЭКО жасату үшін квотаға қажетті құжаттарды дайындау, босанғаннан кейінгі ананың физиологиялық және психологиялық денсаулығын қалыпқа келтіру тақырыптары қамтылады. Жүкті әйелдерге арналған зерттеу орталықтары, стоматология және клиника желілері тіркеледі.
Аталған миссия аясында «Ма!Ма!» қосымшасында аналардың үздіксіз дамуы мен өсуі үшін Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі «Ментор Спарк» тәлімгерлік бағдарламасы бойынша аналардың қашықтан жұмыс істеу үшін цифрлы мамандықтарды оқыту жоспарлануда. Одан бөлек маркетплейс бөлімі арқылы аналардың өз тауарларын сату мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
«Дені сау ана – дені сау ұлт». Біздің қоғамда әйелдер үшін әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық жағдайдың маңыздылығы бірінші орынға шығып кеткен. Осы тұста «Ма!Ма!» мобильді қосымшасы қалыптасқан жүйені өзгерте отырып, әйел үшін денсаулық пен жеке дамуды ең басты құндылықтар қатарына енгізуді мақсат етіп отыр. Мықты ұрпақты денсаулығы және ішкі күйі сау ана ғана тәрбиелей алады.
Ұлт болашағына деген алаңдаушылықты күшейткен тағы бір жағдай ол – қоғамдағы әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың көбеюі. Жалпы әйел затына ортақ бұл қатыгездікті түп-тамырымен жойып, сапалы өмір сүруге және бақытты мемлекет құруға аналар осы жоба арқылы өз үлесін қоса алады.
Пікір қалдыру