Астана мен Алматының бас ғимараттары неге күлгін түске айналып кетті?

/uploads/thumbnail/20170708200206184_small.JPG

1-қазаннан бері күн сайын еліміздің бас қаласы – Астанада «Бәйтерек» монументі, «Тұлпар» көпірі, Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы кешке қарай жарық арқылы күлгін түске айналғаны байқалған. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Еліміздегі қыз-келіншектердің құрметіне арнып, әдейі солай жарықтандыру тәсілі жүзеге асып жатыр екен.

 Осылайша отандық маммолог мамандар әйелдер мен қыздардың назарын қатерлі ісікпен күресуге, оның алдын алуға, дер кезінде емделуге шақыруды мақсат етеді. Себебі, қазан айы – Сүт безі қатерлі ісігімен бүкіләлемдік күрес айы.

Ұйымдастырушылар «күлгін түс – нәзіктікке шақырады, өмір сүруге құштарлықты арттырады» дейді. Сондықтан, еліміздің негізгі қалаларында өтіп жатқан бұл шара арқылы бүкіл әйел қауымына «денсаулық – бірінші байлық» екенін тағы бір рет еске салуды жөн көрген. Мұндай ауқымды шара Ресей мен Украина елдерінде де өткізілмек.

Бұған қоса, омырау обырымен күрес айы аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен «Қазақстанның онкологтар мен радиологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Сүт безі қатерлі ісігінің жүйелі терапиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Бұл бас қосуға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің тұрғындарға онкологиялық көмек көрсету Департаменті мұрындық болды.

ДДСҰ-ның мәліметінше, жыл сайын миллионнан аса әйел осы дертпен ауырады. Оған қоса, мамандар бұл аурудың жылдан-жылға «жасарып» келе жатқанын айтады. Ал, Қазақстанда омырау қатерлі ісігі онкоаурулар арасында бірінші орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша үшінші орында тұр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар