"Азаматтық мінез көрсететін уақыт келді": Ермұрат Бапи саяси тұтқындарды босатуды сұрады

/image/2023/04/05/crop-0_54_675x1200_64280b876ab6b707631656.jpeg

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи төменгі палатадағы алғашқы сауалын Қазақстандағы сепаратистік әрекеттер мен саяси тұтқындар мәселесін көтеруден бастады. 

"Сепаратизм сипатындағы оғаш оқиға Қазақстандағы ұлттық жікшілдіктің өте қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті. Біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар – Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев ұлтаралық наразылық қоздырды деген желеумен әрқайсы 5 жылға сотталып кетті. Бұл қатарға Ермек Нарымбаевты да қосуға болады. Анығында бұл азаматтар ұлтаралық араздықтан бұрын әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотталды. Оларға өрескел қиянат жасалды. Бір ел өзінің сыңар езу саясатшыларына тыйым салмайды? Ал біздің ел өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарды соттайды" – деді ол. 

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи көрші елдің ұраншылары қылмыстық сотқа тағылмақ түгілі өз елінің билігінен ескерту де алмағанын айтты. Ол бұл жағдайды  Қазақстандағы оқиғамен салыстырып, ел намысын қорғаған азаматтардың неге сотталғанын сұрады. 

"Халықаралық ұйымдар бұл азаматтарды саяси тұтқын тізіміне енгізген. Бізге бұл керек пе? Ендеше бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін. Азаматтық мінез көрсететін уақыт келді" – деп мәлімдеді депутат. 

Сондай ақ, Ермұрат Бапи Бас прокурордан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты қылмыстық істің заң талаптарына сай қайта қарауын сұрады.

Ол бұл сауалынан депутат Абзал Құспан да қосылатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, былтыр наурызда блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай Facebook желісіндегі жазбалары үшін 5 жылға қамауға алынды. Сот шешіміне сәйкес, айыпталушылар 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшаларында ұлтаралық алауыздықты қоздыру мақсатында жазба жариялап, орыс ұлты өкілдерін кемсіткен.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар