2021–2022 жылдары блиц шахматтан қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева "Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері" атанды. Бұл туралы шахматшы Instagram парақшасында мәлімдеді.
"Мені құттықтап қойсаңыздар болады. Алдарыңызда – шахматтан Қазақстандағы жалғыз ҚР еңбек сіңірген спорт шебері", – деп жазды он сегіз жастағы шахматшы.
Бибісара Асаубаева 2004 жылы Тараз қаласында туған. 2019 жылы әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атанса, 2020 жылы ерлер арасындағы халықаралық шебер атағын алды.
2021–2022 жылдары блиц шахматтан қатарынан екі рет әлем чемпионы болды. Бибісара Асаубаева – шахмат тарихындағы бұл атаққа ие болған ең жас шахматшы. 2021 жылы шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, дәл сол жылы шахматтан Азия чемпионы атанған еді.
Пікір қалдыру