Қазақтың бір туар Алашшыл азаматы, Алаш көсемдерінің ізін жалғастырушы, саяси қайраткер Хасан Оралтайдың туғанына биіл 90- жыл. Артына өшпес із қалдырған ата тағылымы мен ғибаратты өмірі – бізге етене жақын, жарқын үлгі.
Ұлтын сүю бар да, сол сүйіспеншілікпен ұлты үшін қызмет етіп, елін сүйіндіру тағы бар. Өз ұлтын, бүкіл түркі құндылықтарын жанындай сүйген Хасан Оралтай туралы барша зиялы қауым өкілдері, руханияттағы әріптестері үнемі жақсы пікірде. Себебі ол кісі туралы жазылған жағымды деректер мен еңбегін бағалаған жазбаларды көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі АҚШ-тың 42-ші президенті Билл Клинтон: «Сіздің адал қызметіңіз бен азаттық жолында шынайы беріліп қызмет етуіңіз қол жеткізген жеңісті әлем алдағы жылдар бойы есте сақтайды» - деп естелік жазба қалдыран еді.
Х. Оралтайдың қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған түрік тілінде жазылған «Қазақ түріктері» (Измир, 1961), «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы» (Измир, 1965), «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер» (Стамбул, 1975), «Коммунизммен шайқас» (Измир, 1965), «Елім-айлап өткен өмір» (Стамбул, 1999, 2005) кітаптары шыққан. Мәжит Айтбаевтың «Абылай» дастанын және өлеңдерін (1971), тұңғыш рет «Қазақша-түрікше сөздік» бастырды. Түрік халықтарының тарихи тағдырына арналған материалдар жарияланатын «Биік Түркелі» журналын өз қаржысына шығарып тұрды (1962-1986). Стамбулда 1973 ж. басылған «Алаш» кітабында қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт азаттық қозғалысына шолу жасады, әсіресе, Алаш қозғалысына, Алаш Орда партиясына, Алаш өкіметіне дұрыс баға берді. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, М. Дулатов, Ж. Досмұхамедов, X. Досмұхамедов, М. Шоқаев, А. Бірімжанов, Ә. Ермеков, О. Қарашев, М. Жұмабаев, Р. Мәрсеков, Т. Рысқұлов, С. Асфендияров, Н. Төреқұлов, О. Жандосов, С. Қожановтың еңбектерін ұрпаққа үлгі ете білді. Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған осындай түрлі еңбектерін жарыққа шығару арқылы шет елде жүрсе де, өз ұлтының дамуына барынша рухани үлес қосты.
Бар ғұмырын қазақтың азаттығына арнаған Хасан Оралтай тарихтың талай тәлкегінен өтіп, тар жол тайғақ кешуде талмады. Аяулы халқымыздың Тәуелсіздік жолында аянбай еңбек сіңірген тұлға төл мәдениетіміз бен тіліміздің түп тамырынан алыстамауы жолында еңбек етті. Жоғарыда аталған еңбектері өз алдына, әсіресе өз өміріне негіздей отырып жазған «Елім-айлап өткен өмір» туындысының алатын орны ерекше. Бұл кесек туындыны Хасан Оралтай өмірі мен ғылыми мақаламның компасы ретінде қарастырауға болады.
Автор бұл еңбегінде әкесі Хәкім Қалибектей бабамыздың бейнесін саңылақ ұлдың көзімен ғұмырнамалық сипатта жан-жақты ашып көрсетеді. Жалпы ғұмырнама жанрының өскелең ұрпаққа берері мол. Себебі, біріншіден, бұл жанр қарапайым үлгіде түсінікті тілде жазылды, екіншіден, көркем әдебиеттегідей жасанды кейіпкермен емес, басты кейіпкер өмірде болған адам ретінде шынайылығымен баурап алады. Туындыны оқу барысында байқағанымыз, қазақ тарихындағы бір тұлғаның жүріп өткен жолы арқылы жалпы қазақ тарихының бір ширегін көруге мүмкіндік береді. Бұл туынды туралы жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Дүкенбай Досжан: «Сындарлы таза мінезді үлкен прозамызға Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» атты ғұмырнамалық баяны қосылғаны – мақтанға тұратын құбылыс. Ақылға азық болар тірі сөзге жарыдық» - деп баға берді. Расында, Д. Досжан айтып отырғандай «тірі сөз», яғни бүгінде шынайы оқиғаға құрылған, ең бастысы, саяси астары бар, тарихи шығармалар жоқтың қасы. Ол туралы автордың өзі «Шынында менің өмірім елім-айлап өтті. Егер менің жүрегімде сағыныш болмаса, зар болмаса бекерден-бекерге 650 беттік кітап жазылмас еді...» дейді. Кітап пішімі салмақты, ал ішінде жазылған ақпараттар мен деректер одан да ауыр жүкті арқалайды. Сондықтан да болар, атасы қазақ, ұраны Алаш болған Хасан Оралтайдың бұл еңбегінің ізденген зерттеушіге берері мол. Тарихи деректер мен маңызды мәліметтердің сол оқиғалардың ортасында жүрген адамның зерттеу жазбалары бойынша ғылыми еңбек жазуда таптырмайтын туынды, әрі түркология, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, фольклортану т.б. мамандықтары бойынша жазылатын талай ғылыми еңбектердің сауатты жазылуына түрткі болары анық.
Автор тағы бір жазбасында: «Өмірім арпалыспен өтті. Бір тыныш отырған күнім жоқ. 20 жыл қытайдың қырғыны қорқытты. Одан Түркияда жаңа өмірге бейімделемін деп біраз жылым өтті. Сахарада емін-еркін өскен адамға, ығы-жығы халқы бар, салты бөлек, әдет-ғұрпы басқа елге кеп кірігіп кету, судай сіңіп, тастай бату оңайға түскен жоқ. Әуелі тіл үйрендім, бір емес, екі тіл үйренуге тура келді, түрік және ағылшын» - деп еске алады. Жаңа жерге, бөгде елге қоныс аударғандағы адаптация мәселесі өз алдына, әсіресе тіл үйрену практикасы қазіргі көптеген жастарға үлгі ғана емес, нағыз мотивация бола алатын осындай жазбаларын да кездестіруге болады.
Туындыдағы «Үрімжіде жасалған келісім және кейін ұлттық қаһарман ретінде сипатталған орыс пен қытай жақтасты кісілер», «Қалибек Хакімнің «Орыс ойыншығы үш аймақ үкіметіне» қарсылығы», «Оспан батырға Моңғолия арқылы жасалған советтік қастандықтар», «Қытайлардың Тәкіман батырды тұтқындауы», «Шөлге жіберілген шолғыншылар», «Дүңгендердің зомбылығы», «Коммунист қытайлардың соңғы шабуылы» сынды әңгімелерінде Қытай Халық Республикасы саясатының бүркемелі тұстары мен келтірген кесапатын әшкерелейді. Бұл жазбалардың өзі Шығыс Түркістан жерін мекендеген қазақтардың жүріп өткен жолында жазылған тарихтың қанды беттері еді. «Су орнына қан ішу» атты оқиғасында көш барысында малдың қанына қатысты ерекше ақпараттармен бөлісіп өтеді. «Лоп-нор өзенінің жағасынан көшіп, Такламакан шөліне кіргенімізге бес күннен асқан еді. Мал айдаған жігіттердің кейбіреулері шөлге шыдамай, қойды бауыздап қанын ішіп жатыр деген үрейлі хабар тарады. Енді біреулері малдың қарынындағы жынын сығып, су шығарып ішу үшін соны сүзуде десті. Қан ішкендер кеуіп құрғаған кеңірдегін алғашқыда жібіткенімен, кейін қанның одан әрі шөлдеткенін айтысып жүрді» - дейді. Туған жерінде қыспаққа ұшырып, болашақ ұрпағының амандығы үшін жан сауғалаған шеттегі қазақтардың өміріндегі ең азапты күндер осылай болған еді.
Қазақстандағы болған саяси жағдайлар мен осы жердегі халықтың әл-ауқаты тарихшылар мен саясаттанушылар тарапынан өз деңгейінде жазылып жатады. Ал шеттегі қазақтардың басынан өткерген тарихи дүрбелеңдері мен оқиғалары көбінесе негізгі тарихтан сырт қалып қоятыны бар. Осы тұрғыда Х. Оралтайдың жарыққа шығарған осы туындысы талай жылдарға азық болатыны сөзсіз. Автор бұл еңбегінде биографиялық жанрды негізге ала отырып, Шығыс Түркістан қазақтарының 1930 жылдан бергі елдегі және шеттегі ұлт-азаттық көріністер, сондай-ақ, Такламакан шөлінде, Гималай тауында және Түркия мен Германиядағы қазақтарға қатысты болған оқиғаларды қаз-қалпында, саяси көзқарас таныта отырып, әдеби жанрдың бір пұшпағын илей отырып жазып шыққан. Бір қарағанда жеке адамның басынан өткен оқиғалар тізбегі сияқты көрінгенімен, бағдарлай білген адамға біртұтас халықтың тағдыры астарланып жатыр. Кітаптың тағы бір құнды парақтары Тәуелсіз Қазақстанда болған оқиғалар тізбегі туралы баяндалуында. Еңбекте олар «Қазақша білмейтін қазақ», «1991 жылы Қазақстанға тұңғыш баруым», «Егемен Қазақстанның президенті Н.Назарбайдың Түркияға келуі», «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы», «Құрылтайға мен неге бармадым?», «Қазақстанның тәуелсіздігінен кейінгі жылдары есте қалған қысқа-қысқа елестері» сынды тақырыптармен берілген. Мұндағы ерекшелік – жаны, қаны қазақ болғанымен көзқарасы өзгешелеу пікір білдіре отырып жазылуында. Себебі туған елінде болып жатқан оқиғаларға сыни көзқараспен қарай отырып, еліміз тезірек өркендесе екен деген тілекпен жазылған оқиғалардан құралған болатын. «Ұшақ ішіндегі дау» әңгімесінде ұшақ ішінде академик Өмірбек Жолдасбеков Хасан Оралтайдан: «Қайдан қаңғып жүрген қазақсың?» деп сұрайды. Сонда ол кісі: «...Коммунистер «қаңғыртып» жіберген қазақпын» деп, қитұрқы сұрағына қитұрқы түрде жауап береді. Сонда Ө. Жолдасбек: «Коммунистер ешкімді қаңғыртқан жоқ, елді, жерді тастап опасыздық етіп, қашып, қаңғырып кеткен қазақпын де»,- деп одан әрі тілін тигізеді. Оған жауабы дайын Х. Оралтай: «Коммунисттер қаңғыртып, қырғындамаса Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулат, М. Жұмабай, М. Тынышбай сияқты қазақтың мыңдаған зиялылары қайда кетті? Коммунисттердің жасанды ашаршылығының нәтижесінде қырылмаса, бүкіл қазақ халқының тең жарымынан астамы 4 миллион қазақ қайда кетті? Сіз соларды қалай білмей айтып отырсыз?»,- деп ұтымды жауап береді. Жалпы Ө. Жолдасбеков айтқан сын қазіргі отанына оралған қандастардың барлығына қойылып жатады. Айыптайтындары да жоқ емес. Өз тарихын жете білетін адамда бұл сұрақтың болмайтындығы белгілі, ал академик Ө. Жолдасбековтың жағдайында өзі Мәскеуден келе жатқан ұшақта отырып, сол кездегі саясаттың сойылын соғып жүрген адам ретінде, тарихын біле тұра сондай сұрақ қоюға саяси тұрғыда мәжбүр болғандай көрінеді.
Кітаптың бірінші басылымы 1999 жылы Ыстамбұлда жарияланған болатын. Бұл туралы автор: «Бұл – естелік кітап. Естігендерім мен көргендерімнің, істегендерімнің есте қалған жиынтығы. Өмірімнің алпыстан асып, жетпіске таяған кезіндегі қағаз бетіне түсіргендерім. Басқаларға ұнап-ұнамайтынына қарамастан, есте қалғандарды болғанындай күйде жаздым. Елу жылдан бері шетелде өмір сүрген бір қазақтың қиырда жүріп жазып, сыртта бастырған ғұмырнамасы» - деген болатын. Кітап 2005 жылы екінші рет қайта басылып шықты. Мұның өзі еңбектің құндылығын арттыра түскендей. Автордың берген мәліметтері бойынша, кітапты шығарудағы қиындықтың бір парасы шетелде жүріп оқиғаларды алдымен қағазға жазып, кейіннен компьютерде теріп, оны қазақ тілін түсінбейтін типографияда басып шығарудың машақаты жетпіске қарайлаған шағында оңайға соқпаған анық. Дегенмен, бұл кітапты жарыққа шығарудағы қиындықтардың тек басы ғана еді. Себебі оны зарыға жеткен еліндегі таралымы түрлі тараптан қарсылыққа ұшырады. Шындықтың жарияланып, өтіріктің әшкереленуі сол кітаптың жарыққа шығуына арқау болған жергілікті биліктегі кей қазақтар тарапынан құпталмады. Негізгі себеп, кітапта аты аталған кей тұлғалардың қызмет бабындағы қателіктерінің жарияланып кетуінен қорқу болатын. Бұл кітаптың ең үлкен жетістіктерінің бірі ғұмырнамалық бола тұра, ешқандай тұлғаның жеке басына тиісушілік пен намысын таптаушылыққа жол берілмеген. Автор бірнеше жерде өзінің намысына тиетін сөздер ести тұра, туынды барысында ешкімнің ар-намыс аумағына кірмеген. Кітаптың алғашқы 500 данасы Түркістан жерінде таралғанымен, Алматыдағы таралымы біраз кедергілерге ұшырады. Тіпті Қазақстанға кіргізуге тиым да салған кездері болды. Бірақ билік кітаптың негізгі жарнамасын жариялауға тиым салғанымен, анти жарнама жасап отырғандарын өздері түсінбеді. Себебі «тиым салынды» деген сөз халықтың қызығушылығын одан сайын оятып, оқырмандарды одан сайын ынтықтыра түсті. Бір жағынан кітаптағы оқиғалардың әділдігіне көз жеткізген «Азат», «Халық», «Тіршілік», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Алтын орда», «Қазақ батыры» газеттері кітаптың үзінділерін әртүрлі көлемде жариялай бастады. Одан бөлек, туынды туралы жазушылар мен ғалымдардың еңбектерінде де тілге тиек етілді. Мысалы, академик Рымғали Нұрғалиев «Қазақтың 100 романы» деген кітабында: бұл кітап туралы, «1999 жылы жарық көрген 800 бетке жуық туынды С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романдары сияқты автордың басынан кешкен өмір жолынан мол мағлұмат береді. Мұндай романдар қазіргі әдебиетімізде де бар - деп талдап өтті. Қазақ драматургиясы мен филологиясында өзіндік орны бар үлкен маманнан мұндай пікір естудің өзі романның кәсіби тұрғыда жоғары талғаммен, белгілі бір тәсілде қомақты миссияны атқара отырып жазылғандығынан хабар береді. Сондай-ақ, журналист, жазушы Батырхан Дәрімбеттің «Демократия мен автократия» еңбегінде «Елім-айлап өткен өмір» туындысын таныстыра келіп, кітаптың Қазақстанда таратылуына кедергі болғандарға тоқталған. «Бүгінге дейін еш қазақ басынан кешпеген, кешсе де батылы мен білімі жетпеген, туған елден босқан туыстарымыздың тағдыры мен тауқыметін шынайы реалдыққа суара отырып, жазған кесек те керемет кітап» - деп баға берсе, жазушы Жанат Ахмәдиұлы: «Кітап Хасан Оралтайдың әкесі, Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің қаһарманы Қалибек Хәкімнің атын әлемге паш еткен рудың емес ұлттың намысы деген еді. Туған жерінен ауа көшіп, шілдей тозып босқан қазақтың рухани жетімдігінің энциклопедиясы десе боларлық»,-деп кітаптың маңыздылығы туралы ақын Талапбек Тынысбекұлы жазған еді. Ғасыр өткен сайын құндылығы арта түсетін еңбектер болады. Көбіне оған «Елім-айлап өткен өмір» сынды тарихи туындылар жатады. Қазақ халқының азаттығы, қазақ ұлтының рухани бостандығы жолында өмірін сарп еткен Хасан Оралтайдың жиырмаға жуық шығармаларының көпшілігі ағылшын, түрік тілінде жарық көрді. Кітаптарының бірнеше тілге аударылуы қазақ өркениеті терезесінің шетелдермен теңесуіне жол ашатын алтын көпір болмақ.
Қорытындай келе, туған елінің тәуелсіздігі жолында алыс шетелдерде жүріп те қолынан келген бар еңбегін арнаған алашшыл арда азамат, саяси қайраткер, жалынды журналист-жазушы Хасан Оралтайұлының биіл туғанына 90 жылдығын туған елі мен оны білетін барша прогресшыл жұртшылық атап өтпекші. Елін, жерін сүйген айтулы тұлғаның есімі иісі қазақ халқымен бірге жасай береріне кәміл сенеміз! осындай ғасыр тудырған даналардың ерен еңбегі, Отан үшін қызмет етудің мәні мен құндылығы келешек ұрпақ жадында сақталатыны сөзсіз.
Әди Батиза Өнертану магистрі
Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының ғылыми қызметкері
Пікір қалдыру