Қазақстан Ресейге жер телімдерін болмашы ақыға жалға береді, ал елде ауыл шаруашылық жерлері жеткіліксіз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев мәлімдеді.
"1995 жылдан бері Ресей әскери полигондар үшін Қазқстаннан жер телімдерін жалға алады. Ресей 1 гектар жер үшін 1050 теңге төлеп, 8,5 миллион гектардан астам жерді жалға алғаны баршаға мәлім. Бұл баға 2005 жылдан өзгерген жоқ. Біздің жердің құнын кім, қандай әдіспен бағалап отыр? Жалға беру мерзімі біткенде бір гектар жерді қалпына келтіруге мың теңге жетеді ме? Әлде бюджеттен ақша бөліп, қалпына келтіреміз бе?" – деді ол өзінің депутаттық сауалында.
Депутат Қазақстандағы Ресей полигондарының аймағы кейбір елдердің жер көлемінен асатынын да көрсетті.
Серік Егізбаев биылдан бастап сынақ алаңдарына берілетін жер телімін қысқарту туралы келіссөз жүргізіп, ауылшаруашылығына бөлінетін аймақтар санын арттыруды ұсынып отыр.
Пікір қалдыру