Жамбыл облысының тұрғыны Василий Ковешников өзін депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары құлдықта ұстағанын айтты. Ол бірнеше рет қашып кетпек болған. Бірақ әрекеті сәтсіз аяқталып, Марат Дайрабаев оны соққыға жыққан.
"Құлпынай алқабын қарадым, қыста Дидардың малын бақтым. Бір тиын да көрмедім. УАЗда тұрдым, тез пісетін кеспе жедім. Марат мені екі рет ұрды. Содан бір ай бойы тұра алмай қалдым. Бір күні қашып шығып, Меркеге таңғы үште жаяу жеттім", — дейді Василий Ковешников.
Бұл туралы Жигули Дайрабаев Ковешниковты танымайтынын айтып пікір білдірген. Алайда ұлының қол астында бір жарым жылдай жұмысшы болғанын растады, деп хабарлады КазТАГ агенттігі.
"Ешқандай құлдық туралы әңгіме болуы мүмкін емес, ол өз еркімен болған және кез келген уақытта жұмыстан кете алатын. Құжаттары да өзінде болды", — деді депутат.
Дайрабаевтың айтуынша, оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылған. Бұл жаңалық та солардың біреуі.
Пікір қалдыру