1 шілдеден бастап бірнеше әлеуметтік төлем мөлшері өседі

/image/2023/05/29/crop-5_27_671x1192_news_full161664730060805ba39075e628a3c7e109dc2f9f2a.jpg
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылады. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.
 
Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдермен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр.
 
Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
 
Мемлекет азаматтардың табысын арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде қабылдап келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Ең төменгі айлық көрсеткіші арқылы еңбекақы деңгейін белгілейтін ұйымдар біліктіліктің санат аралық жүйесін ескере отырып, өзге де санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру жағына қарай қайта қарастырады.

Биыл 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді.
Сонымен қатар дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды және жоба ауқымын кеңейту бойынша 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ шағын несиелерді қолжетімді ету арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңейту жұмыстары басталды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар