Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде қала тұрғыны Жасұлан Анафияевты уақытша ұстау изоляторында азаптап өлтірді деп айыпталған жеті полицейге бес жылдан 10 жылға дейін түрме жазасын кесті. Бұл – Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау оқиғалары бойынша полицейлерге берілген ең ауыр жазаның бірі.
Айыпталған жеті полицейдің екеуі – Аян Елубеков пен Махамбет Шынжырбаев 10 жылға, Закир Ибрагимовті 9 Нұрлан Торыбаев, Ардақ Әзімбеков пен Бейбіт Жақыпбаевты 8, Арнат Мирадиловті 5 жылға сотталды.
Тергеу барысында Жасұлан Анафияевтың жақындары күдіктілерге тағылған айып тым жеңіл екенін айтқан болатын. Жарыссөз кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты Айман Құрманбаева судьяға айыпты Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабынан "адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұраған еді. Бірақ судья өтінішті қабылдаған жоқ.
"Бұл жерде адамды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның сараптамалары бар. Уақытша ұстау изоляторының бейнебақылау камералары өшірілген. Куәлердің жауаптары бар, қан-қан еденді сүрткен, жуғызған" – деді істі бақылаған құқыққорғаушы Ринат Рифхат.
Айыпталушылар сот процесі кезінде өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ, ал 7 маусымда өткен сотта судья жеті полицейдің "кінәсі толық дәлелденді" деп мәлімдеді.
Сот айыпталушыларға Анафияевтың қарындасы мен жарына 20 миллион теңге моральдық шығынды бірігіп төлеуді міндеттеді. Сотталушылар процесс шығындарын да төлеуі керек. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, екі тарап 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.
Дереккөз: Азаттық радиосы
Пікір қалдыру