Пхеньян, Солтүстік Корея. Әлемнің біршама елдері, әсіресе американдықтар үшін Солтүстік Корея жер бетіндегі ең жабық, репрессивті және бүгінгі қоғамнан оқшауланған мемлекет болып саналады.
Есесіне, тоталитарлы саналатын елдің тұрғындары өздерінің таңдаулы халық екеніне, әлем қызығатын жұмақ-мекенде тұратынына, сонымен қатар, көшбасшылары оларды мемлекеттен тысқары орналасқан кез келген зұлымдық әрекеттерден қорғап алып шыға алатындығына шын сенеді. Олар туралы айтылатын әңгімелердің барлығын стереотипке ғана балайтын көрінеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы материал ұсынады.
Бүгінгі мерекеге орай халықаралық журналистерге арналып барлық жағдай жасалған. Ресми автобустан олар бірден солтүстік корейлік үкіметтің алдынан түседі екен. Коммунизмнің құрылғанына 70 жыл толуына орай өтетін мерекелік іс-шара бүгін дәл осы жерден бастау алатын болады.
Мемлекеттің әскери қызметшілері шеруге дайындық үстінде. Шеруге балақайлар да қатысатын болады. Көбісінің жасы бестен енді ғана асқан. Олар, алдыңғы қатарда дабылшылардан қалыспай, бірге адымдап жүретін болады. Ал, жолдың жиектері қызыл түске боялып, патриоттық белгілермен өрнектелген екен. Мұның сәйкесінше дұрыс әрі көрнекті шығуы ондаған тазалық топтары мен жұмыс бригадалары еңбегінің арқасы екен.
Мемлекеттің негізін қалаған Ким Ир Сен мен оның ұлы Ким Чен Ирдің суреттері бейнеленген белгі тағынған шенеуніктердің езулерінен күлкі кетер емес. Мұнысы арқылы олар елде әлеуметтік жұмыс жұмағы бар екенін, партия мен бүгінгі мерекелік шерудің басында «керемет мемлекеттік қайраткер, идеология шебері, одан қалса данышпан адам» тұрғандығын мақтана көрсеткісі келетінін дәлелдеп тұр екен.
Әуежайдан мерекелік оқиға өтетін Пхеньянға дейінгі бір сағаттық жол бойында «кемеңгер басшының» әкесі мен атасының суреттері көптеп ілінген. Есесіне бірде-бір өзінің суреті жоқ. Бұл оның тегіне деген тағзымы екен-мыс.
Журналистерді Пхеньянға жеткізген «Air Koryo» әуе компаниясында таратылған журналдардың өзінде «Бұл керемет басшысы бар, бостандық пен бақытқа толы өмір иелері – кәріс халқының 70 жылдық жеңісі» деген жолдар бар.
Ұшу барысында 20-шы ғасырдың патриоттық әндері мен бейнебаяндар қойылды. Көбісі рок жанрында. Бір қызығы, сіз патриоттық тақырыптағы кез келген рок-топтар мен әншілердің әуенін тыңдай аласыз. Бірақ, оңтүстік-корейлік ән тыңдау бірден ГУЛАГ-қа жолдама алумен тең.
Әуежайда осыдан бірнеше апта бұрын тәттілер, шампан, түрлі костюмдер сататын кафе-барлар мен дүкендер ашылды.
Ал, БҰҰ-ның мәліметі бойынша Солтүстік Корея халқы әлемдегі ең аш халықтардың бірі саналады.
Қысқасы, коммунизмнің 70 жылдығы емес, кейіп пен шындықтың арпалысы...
Дереккөз: nbcnews.com
Назгүл Назар
Пікір қалдыру