Қазақ хандығының 550 жылдығымен қазақты кімдер құттықтады?

/uploads/thumbnail/20170708200316892_small.png

Қазақ хандығының 550 жылдығының Сириядағы соғысқа не қатысы бар? Былай қарағанда түк қатысы жоқ. Бірақ біздің ұлттығымызды ұлықтауға арналған, жыл бойы күткен шараға айдалада жатқан Сирияның қатысы бар ма деп қаламын. Егер сол соғыс болмағанда бұл шараға Путин келіп қатысар ма еді? Жеңістің жетпіс жылдығын тойланатынын білген сәтте-ақ, хандықтың тойы оның қасында жетім қыздың тойындай өтер ме екен деп күдіктеніп едік.  Дәл солай болды. Неге біздің хандықтың бес жарым ғасырлық мерейілі күнімен құттықтап сан тараптан ағылып хаттар келмеді? Өзінің уақыты жоқ болса да, қос бетке шығарып басуға арналған хабарламаны көрші елдер жолдауына болатын еді ғой. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Анығында аю көшінің мемлекетсіз ұлт болғансыңдар деген айбатына қарсы жауап ретінде 550 жылдықты тойламаққа шешім шығып еді. Бірақ бұнымызға сөз шығарған адам «пысқырып» та пікір білдірмеді ме, қалай өзі? Әйтпесе, әр қазаққа өз шежіресі мәлім, тарихы айқын ғой. Сириядағы соғыспен басы қатып, АҚШ-тың дайындаған саяси сценарийлерінің мәнін ашудан қолы тимей жатқан көршіге өкпелемей-ақ қояйын. Тура шекарасының түбінде ат шаптырып, ақ ту көтеріп жатқанымызды  қалпақты қырғыз байқамай қалай тыныш жата берді? Қазақ хандығы тұсындағы айбынын еске түсірген қазақ Ташкент туралы сөз қозғап қоя ма деп өзбектің көшбасшысы да құттықтау жолдаудан именсе керек.  Бір қарағанда менің мына күйім, той біткен соң алып келген сыйлығына көңілі толмай ағайынына ренжіп отырған кәдуілгі ауылдағы жеңгелердің жайын еске түсіреді, білемін. Бірақ саяси сахнада өзіндік имиджін қалыптастырған біздің Елбасын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтауларына болатын еді ғой. Хандыққа қатысты мұндай игілікті шараны енді қашан өткізер екенбіз? Астана күнін атап өткенде ағылып келетін дос-көршілеріміз Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізгенде неге біздің көшбасшының қасынан табылмады? Әлде әлемге әйнектерден салынған соңғы үлгідегі ғимараттармызды ғана көрсетіп, Тараз жақтағы жайымызды мәлімдеуге болмай ма? Әрине ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Біздің көшбасшымызды Астанаға ресми сапармен келген Украина Президенті құттықтады.

“Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің мемлекеттік сапарымызды қабыл алып, зор қошеметпен қарсы алғандарыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарымыз Қазақстанда өтіп жатқан ерекше оқиғамен тұспа-тұс келіп отырғанына қуаныштымын. Ол – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Аталған шараны теледидар арқылы көріп, тәнті болдық. Кеше Тараздағы осынау мерекеге қатысып, бүгін бізбен кездесіп, екіжақты мәселелерді талқылауда белсенділік танытып отырғаныңыз үшін алғысым шексіз. Мұны Сіздің украин халқы мен оның үкіметіне білдірген сеніміңіз бен риясыз құрметіңіз деп білемін. Мен Сіздің БҰҰ-да жасаған баяндамаңызды толық тыңдап шықтым және ол маған жағымды әсер қалдырды. Өйткені, Сіз мінберде тұрып, қазіргі Украина проблемасын шешу мәселесін көтердіңіз. Ал, баяндаманы бастан-аяқ қазақ тілінде жасауыңыз халқыңызға зор күш-жігер сыйлады деген сенімдемін”, – деді Украина президенті Петр Порошенко. Әзріге осы құттықтауға көңіл жұбатуға тура келіп тұр. Әлде Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастырмағанымызды ішіміз сезіп, артық қонақ шақырмай, өзіміз болып қана атап өте салдық па?

Айнұр Төлеу

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар