Алматы облысында екі мектепті жөндеу барысында аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың мамыр айында Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімі мен ПМК-7К ЖШС арасында жалпы сомасы 855 млн теңгені құраған "Сарыбастау" және "Қарағаш" ауылдарындағы екі мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы шарт жасалған.
Құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс компаниясының басшысы жобалау-сметалық құжаттамада көзделген жұмыстарды орындамай, орындалған жұмыстардың актілерін жалған жасау арқылы аса ірі мөлшерде ақша жымқырған.
"Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде ЖШС-тің есеп айырысу шотына 57,5 млн теңге сомасында ақша қаражаты заңсыз аударылды. Тергеу нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, айыптау үкімі шықты. Сонымен қатар, сотталушымен мемлекетке келтірілген 57,5 млн теңге сомасындағы залал толығымен өтелген", – делінген хабарламада.
Пікір қалдыру