Тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкова мінген автобус бүгінде Қостанай облысындағы шағын ауылдардың бірінде сақтаулы. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Хабарға» сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қамысты ауданындағы шаруашылықтың жеке коллекциясында көненің көзіндей болып 30 шақты ретрокөлік сақталған. Сергей Чинчук - гараж меңгерушісі. Оның көп уақыты осы көліктердің арасында өтеді. Мұнда тұрған техникалардың әрқайсының өз тарихы, өз тағдыры бар. Меңгеруші олар жайлы әңгімелеуден жалықпайды. Мысалы, «Виллис» әскери көлігін сонау сұрапыл соғыс жылдары барлаушылар взводының командирі мінген.
«Көлік көргеннен-ақ қатты қызықтырды. Ғаламторды ақтарып көп мағлұматқа қанықтым. Бұл машинаны алғаш көргенде менің көз алдыма бірден соғыс даласы елестеді. Мұнда жүргізуші солдат отырған. Ал, офицер қандай да бір барлау шарасын жүргізуде немесе жай ғана маңызды бір ақпарат әкеле жатыр. Бұл тарих қой. Әрине, осыдан кейін бұл көлікке деген құрметің арта түседі», - дейді Сергей Чинчук.
Мұражай өте сирек кездесетін бірегей экспонаттарға бай. Мәселен, іші толық жабдықталған мына автобус ғарышкерлерді тасымалдауға арналған. Қазақстанда небары екеу-ақ. Бірі - Байқоңырда, екіншісі осы Алтынсарин ауылында. Бұл көлікке кезінде тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкова да мінген. Жалпы тарихи тұлғалардың қолының табы қалған техникалар мұнда аз емес. Мысалы, 1949 жылы шыққан «ЗИС-110» автокөлігі. Кезінде бұл машинаны маршал Жуковтың өзі мінген көрінеді. Келесі «Газ-14» - Кеңес үкіметі мүшелерінің қызмет автокөлігі. Жалпы экспонаттардың ішінде көне классикалық машиналар аз емес. Соның бірі - «ЗИМ» маркасы. Содан кейін тұрған Ұлы Отан соғысы кезінде әскерилер мінген «ГАЗ-67» автокөлігі. Машиналар мұражайында осындай-осындай 30-дан астам жәдігер сақтаулы тұр. Мұндай ғажайып мұрағат шағын ауыл түгілі, ірі қалалардың өзінде кездесе бермейтіні анық. Алуан тарихтың куәсі болған көне көліктердің қайсыбірі сыйлыққа келген, қайсыбірін шаруашылық қаражатына сатып алынған. Мысалы, мынау трактор 1949 жылы Сталинград зауытында жасалыпты. Ауыл шауашылық көлігі осыдан 40 жыл бұрын көлге батып кеткен. Әйтеуір тракторшы аман қалса керек. Кейін мұражайдың негізі қалаушылар батпаққа батып кеткен трактор жайлы ауыл тұрғындарынан естіп, біліп, су астынан тартып алып шығыпты. Қанша ескі болса да, мұндағы техникалардың бәрі де жүріп тұр. Ретро көліктер жыл сайын жергілікті жерде өтіп тұратын мерекелік шеруге қатысады. Көнелігімен де, тарихтың көмбесі болғандығымен де қымбат мұражай бұл күнде Қамысты ауданының ғана емес, тұтас аймақтың мақтанышы айналған.
"Қамшы" сілтейді
Пікір қалдыру