Шу ауданында қараусыз қалған ғимараттың жертөлесінен ірі көлемде оқ-дәрілер мен қару-жарақ табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларын Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізді.
"9 дана қару мен оқ-дәрілер, атап айтқанда 4 дана 16 калибрлі ИЖ-ЗК бір оқпанды аңшы мылтығы, 16 калибрлі ИЖ-17 бір оқпанды шолақ мылтық, 9 мм калибрлі Байкал 79-9ТМ травматикалық тапаншадан 2-еу, тапанша, 5,45 мм калибрлі патрондардың 270 данасы, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде полиция департаментінің қоймасынан ұрланған 9 мм калибрлі ПМ тапаншасы табылып, тәркіленді", - делінген полиция хабарламасында.
Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Пікір қалдыру