Антиисламистік қозғалыс өкілдері Меркельді дарға аспақ

/uploads/thumbnail/20170708200430565_small.jpg

Германияның Дрезден қаласында мыңдаған адамның басын құраған «PEGIDA» антиисламистік қозғалысының жаңа акциясы өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Sächsische Zeitung» аймақтық газетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. «Еуропа патриоттары Батыстың исламизациялануына қарсы» деген ұранмен шыққандар босқындардың ел табалдырығын аттауына мүмкіндік жасап жатқан  Ангела Меркельдің үкіметіне қарсылық білдірді.

Белсенділер қауымы «Жаппай қуу керек!», «Халық қалауы», «Меркель кетуі тиіс» деген қысқа мәтінді плакаттар ұстап, Дрезден көшелерін кешкісін түгелімен аралап шыққан. Плакаттардың бірінде канцлер ханым «Тереза Ана» ретінде бейнеленіп, суреттің астында «Террореза Ана» деп жазылған екен.

Сонымен қатар, көтерілісшілер «Меркель анаға» және «Габриэль-оңбағанға» (вице-канцлер Зигмар Габриэльдің аты қате жазылған) деп жазылған арнайы плакаты бар, қолдан жасалған дар дайындаған екен.

«PEGIDA» қозғалысының наразылық көрсетуі Дрезденде осыдан бір жыл бұрын басталып, қысқа қарай тоқтаған болатын. Сириядан келген босқындардың Германияға келуі «Еуропалық патриоттарды» кезекті акциялар өткізуіне шабыттандырып жіберген көрінеді. Аталмыш акциялар Германияның шығысында орналасқан бірнеше қалаларда, сәйкесінше Тюрингия және Саксония жерлерінде де өткен болатын. Қозғалыс мүшелері миграциялық саясаттың күшейтілуін, босқын статусының саяси қуғынның құрбандарына ғана берілуін талап етіп отыр.

Еуропада ислам дінінің қанат жаюына қарсы болған неміс халқының, бәлкім, бұлай алаңдаушылық білдіруі де орынды шығар, кім біледі?! Себебі, қазіргі уақытта Еуропа мемлекеттерінің ішіндегі ең тыныш ел – Германияға халықаралық терроризмнің ортасына айналу қаупі төніп отыр. Бұл туралы «Funke» медиатобының газетінде жарияланған сұхбатында Германия Ішкі істер министрі Томас де Мьезер былай деп мәлімдеме жасаған болатын: «Германия үкіметіне күн сайын Қиыр Шығыстан келіп жатқан мыңдаған босқындардың арасында исламдық радикалдардың болуы мүмкін деген түрлі мәліметтер келіп жатыр».

Оның айтуынша, әзірге бұл мәліметтер расталмаған. Себебі, күні бүгінге дейін Германияда террорлық әрекеттер орын алып жатқан жоқ. «Дегенмен, мәселенің басқаша кейіп алмауына кім кепіл?», - деген министр, елдегі жағдайға объективті пікір білдіріп отыр.

Сонымен қатар, Мьезер Германиядағы босқындарға халықтың тарапынан көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылыққа қатысты алаңдаушылық білдіретінін жасырмады: «Биылғы жылдың өзінде босқын статусын сұрап келетіндердің уақытша паналайтын орнына 490 шабуылдың жасалғаны жайлы мәлімет бар. Өткен жылғы көрсеткіш – 200-ге жуық болатын».

Айта кетейік, халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, биыл Еуропаға келген босқындар мен мигранттардың саны жарты миллионнан асқан. Бұл 2014 жылға қарағанда екі есе үлкен көрсеткіш.

Назгүл Назар

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар