31 тамызда Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасынан соң заңсыз қудаланған Асланбек Омаровқа 3,5 млн тг өндіріп беру туралы шешім шығарып, сот оның талап-арызын ішінара қанағаттандырды.
Омаров сот шешіміне қанағаттанбаса да, апелляция алқасына жүгінбейтінін айтты. Бұған дейін Асланбек Омаров мемлекеттен 40 млн теңге талап еткен еді. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
"Заңсыз қудаланғаным өзіме де, отбасыма да көп зиянын тигізді. Әйелім ол кезде жүкті еді. Өте ауыр босанды. Менің де денсаулығым нашарлап кетті. Түрмедегі бір күнімді жауыма да тілемес едім. Мен қамалған соң жүкті әйелім мен екі жасар қызым асыраушысыз қалды" – деді ол.
Еске сала кетейік, Асланбек Омаров 2022 жылы 9 қаңтар күні ұсталып, төрт ай тергеу изоляторында отырған болатын. Кейіннен ол бес ай үйқамаққа ауыстырылып, тағы бес ай ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрген болатын.
Пікір қалдыру