«Исламдық мемлекет» экстремистік тобы өз жақтастарын Ресей мен АҚШ-қа қарсы «қасиетті соғысқа» шақырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы bbc.com-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Исламистердің өкілі Махаммад Аднани интернетте таралып кеткен 40-минуттық аудиожазбасында әлем бойынша барлық мұсылмандарды орыстар мен американдықтарға қарсы соғысқа қатысуын сұранады.
Өз сөзінде ол орыс православиелік шіркеу өкілі Всеволод Чаплиннің «Ресейдің Сириядағы (терроризмге қарсы) әрекеті – қасиетті соғыс саналады» деген сөзін келтіреді.
Аднанидің бұл аудиожазбасы – Ресейге ИМ тарапынан төндірілген қауіптің ең алғашқы ресми мәлімдемесі. Өз сөзінде ол исламистердің бас мақсаты АҚШ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, американдықтар қорқыныш сезгендіктен Австралия, Түркия, Ресей, Иран көмегіне жүгініп жатқандығын айтып, есесіне ИМ-нің күннен күнге күшейіп жатқандығымен мақтанды. Айта кетейік, исламистік өкіл Ресей мен АҚШ-тың арасында шын мәнінде серіктестік байланыс бар деп санайды екен. Оның ойынша, екі мемлекет арасындағы қазіргі жағдай көзбояушылықтың бір көрінісі ғана екен. Сөз соңында ол АҚШ-тың ертелі-кеш күйреуге ұшырайтынын айтты.
Сонымен қатар, исламистік өкіл Абу Мутаз әл-Курейшидің өлімін растады. Қайтыс болған азамат тамызда өткен американдық шабуылдың салдарынан қаза тапқан Фадхил Ахмад Хаяли, тағы бір аты Хаджи Мутаз болып шығуы әбден мүмкін деген болжам бар.
Дегенмен, Аднани өз сөзінде ИМ көшбасшысы Абу Бакр Багдадидың жарақаттануына байланысты ешнәрсе айтпапты.
Сөзінің басым бөлігі «Исламдық мемлекетке» қарсы шабуыл жүргізіп отырған сириялық топтарға арналған. Олардың ИМ-ге қарсы күресін ол жеңіліске жақын әрекет деп санайтындығын айтқан екен.
Махаммад Аднани өз сөзінде мигранттарға да тоқталған. Ол босқындар бет алып жатқан Еуропаны «кәпірлер елі» деп атап, исламистердің соғыс алаңы «қасиетті жихад жерінен» қашып жатқандарға да, оларды қабылдап жатқандарға да әбден кінә таққан.
Назгүл НАЗАР
Пікір қалдыру