Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева мектептегі хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейтінін айтты.
«Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата-заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді.Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі», - деп жазды Аида Балаева фейсбук парақшасына.
Ол құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді деп отыр.
«Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», - деді министр.
Бұған дейін мектептегі орамал мәселесіне байланысты діни басқарма мәлімдеме жасап, мемлекеттік мекемелерге өтініш білдіргенін хабарлаған еді.
Пікір қалдыру