Алматы облысының елуден аса бизнес өкілдері мен сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) қатысушылары «Алатау – ОКБ» кедендік бекетінің жұмысын жаңартуды талап етті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Бүгін кәсіпкерлер Алматы қаласында осыған байланысты арнайы баспасөз мәжілісін өткізді.
«Алатау – ОКБ» кедендік бекетін таратудың нәтижесінде облыс аумағында өндірістік және қойма кешендері орналасқан кәсіпкерлер Алматы қаласы және Талдықорған қаласындағы Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментіне (МКД) қарасты кедендік бекеттердегі жүктерін кеден аумағынан тазартып, 280 шақырымнан аса қашықтыққа жөнелтуге мәжбүр болуда.
Сонымен қатар, Іле ауданына жүктерді кері тасып әкету қажет болғандықтан, бұл көлікке жұмсалатын шығындардың айтарлықтай өсуіне, осының нәтижесінде өнімдер мен тауарлардың өзіндік құнының қымбаттауына әкелуде деп атап өтті кәсіпкерлер. «Бұл Іле ауданы кәсіпкерлерінің құқықтарына қысым жасау болып табылады», - деп есептейді СЭҚ қатысушылары.
Жүк алушыларды өз жүктерін кеденнен тазарту үшін Талдықорған қаласындағы Алматы облысы МКД-не және Алматы қаласы МКД-не барғызбастан, осыған дейін жұмыс жасап келген кедендік бекеттің жұмысын қалпына келтіру орын алған осы жағдайда жасауға болатын жалғыз дұрыс шешім болып табылады деген пікірде кәсіпкерлер. Олар осы мәселені шешу үшін Үкіметтің қолдау көрсетуін сұрап отыр.
Елбасының Үкіметке арналған жыл сайынғы жолдауында Қазақстан дамыған елдердің табысты тәжірибесін үйренуі керек деген ерекше тапсырма қойылған болатын. Өйткені, шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тетіктерін жетілдіру - ел үкіметінің ұдайы назарында тұратын мәселе.
Пікір қалдыру