Бұл жолы бұрынғы шенеунік рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталып отыр, – деп Qamshy.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, 2019 жылы Астанадағы «Diplomat» қонақ үй кешеніне иелік ететін кәсіпкер К.-ның танысы Мұхамедиұлына қаржылай көмек сұрап жүгінген. Мұхамедиұлы кәсіпкерге 2,5 миллиард теңге беруге келіскен, бірақ оның орнына одан ЖШС жарғылық капиталының 71 пайызын енесіне аударуды сұраған. Тергеу сол кезде шенеуніктің басында қонақүйді басып алу жоспары қалыптасқан деп есептейді.
Мәміле жасалғаннан кейін шенеунік қонақүйге жүйелі түрде келе бастады. Артынша Мұхамедиұлы қонақүй иесіне қалған 29 пайызын беруді талап еткен. Бірақ иесі бас тарқан. Бұдан кейін шенеунік «Дипломат» қызметкерлеріне ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеу туралы бұйрық берді. Одан кейін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының хаттамалары бұрмаланып, онда серіктестік директоры Мұхамедиұлымен үлестес тұлғамен ауыстырылған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы тағылған айыппен келіспей, жәбірленушіні саясаткер Марк Юниус Брутқа, өзін Цезарьға теңеп желпіне сөйледі.
«Біз Рим империясының тарихынан адамзат тарихында сатқындық пен арамдықтың символы ретінде қалған Марк Юний Бруттың әрекетін жақсы білеміз. Ал Гай Юлий Цезарь Бруттың сұмдығына қарамастан, тарихта «Ал сен, Брут» сөзінің авторы болып қала бермек, – деп сот алқасына қарата: – «Авгия патшаның қорасын көңнен тазартқан ежелгі батыр Геракл сияқты сіз де осы сот ісіндегі арамдық пен өтіріктен арыласыз деп сенемін», - деді Мұхамедиұлы судьяға.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін ол Астанадағы Ұлттық музейдің директоры болып тұрған кезінде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған болатын. Атап айтқанда, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, «Алтын адамның әлем музейлері арқылы шеруі» халықаралық көрмесіне, «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен мұражай қорларын ұлттық фотограмметриялық 3D сканерлеу» жобаларына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.
Кейін күдікті ретінде сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты да ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Ведомство экс-министрдің қорғаушысы алаяқтық және пара беруге шақырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Пікір қалдыру