Павлодарлық қоғам белсендісі Диас Құзайырдың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сол баяғы 174 бап (ұлт араздығын тудыру). Сондағы бар айыбы – Риддер қаласының әкімшілік қызметкерлерінен мемлекеттік тілді неліктен білмейтіндіктерін және қанша уақытта үйренетінін сұрағаны.
Ол видеоны көріп шыққан журналист Мұхтар Түменбай әлеуметтік желіде өз пікірін жазған екен:
"Диас не дауыс көтерген жоқ, не балағат сөйлеп, біреудің ұлтына не нәсіліне қатысты сөз айтқан жоқ, заңсыз талаптар да қойған емес. Тек мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеу себептерін анықтамақ болды және үйренетін ойлары бар ма деп сұрады. Болды. Басқа дәнеңе де жоқ. Бәрі сыпайы өтті.
Менің сұрайын дегенім, қашаннан бері Қазақстан заңдарының орындалуын талап ету қылмыс болып саналатын болған? Басқасы басқа, мемлекеттік қызметкерлерлердің мемлекеттік тілді білуі шарт. Заңмен бекітілген шарт. Онсыз азамат мемлекеттік органда жұмыс істей алмайды.
Алайда, байқап отырсам, Риддер қаласының әкімшілігі өз заңдарымен өмір сүретінге ұқсайды. Оларға Қазақстан заңдары заң емес. Ол аздай, Диас сияқты жақ ашқандарды қудалауға көшіп отыр. Тіпті Риддер қаласының хұқық қорғау органдары ерінбей, Павлодарға барып, Диастың үйіне баса көктеп кіріп, тінту жүргізген. Қандай негіз болды тінту жүргізуге? Ол не, экономикалық қылмыс жасап па, парақорлықпен ұсталды ма, әлде мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылып отыр ма? Не іздеді оның үйінен Риддер сақшылары? Жалпы қылмыстық іс қозғауға не негіз болды? Сөйтсек, әкімшілік қызметкерлерінен түскен бір парақ арыз шағым екен.
Жә, оны да жөн дейік. Арыз түсті ме, оны қабылдап, анық-қанығын анықтау – хұқық қорғау органдарының міндеті. Бірақ ертең Диастың ешбір қылмыстық іс жасамағаны анықталатын болса, онда жаңағы арыз-шағым түсірген адамдар жалған жала жапқаны үшін жауапқа тартылуы тиіс. Ондай да бап бар қылмыстық кодексте. 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Соны біле ме екен арызданушылар? Және кешегі тінту жүргізген полицейлер оларды жауапқа тартуға әзір ме?".
Пікір қалдыру