Орган ауыстыруға мұқтаж адамдар саны жыл сайын артып келеді.
Бірінші кезекте бүйрек, одан кейін жүрек пен ұйқыбез алмастыруға кезек көп. Тірі реципиент бауырын, бүйрегін бере алады. Ал жүрек пен ұйқы безі, өкпе тек қайтыс болған адамнан алынады. Өлім мен үміттің арасындағы нәзік қылдай созылған күту жылдарына көп адамның өмір сағаты жетпей қалады. Былтыр ағзасын трансплантациялауға рұқсат еткен төрт адам 25 өмірді құтқарды. Тірі кезінде ағзасын беруге келіссе, көптің көзқарасы оң болса, бұл санақ та ұлғаяр еді. Осыны желеу еткен Денсаулық сақтау басқармасы «рұқсат сұрау» ұғымын жойып, тірі кезінде ағзасын беруден бас тартпағандарды автоматты түрде донор етпек.
Қазақстанда қайтыс болғандардың органдарын пайдалануға рұқсат алу тәртібі өзгертілуі мүмкін. Ендігі кезекте хәл үстінде жатқан азаматтың «egov» порталында дене мүшелерін пайдалануға қатысты келісімі болмаса, органы реципиентке ауыстырылады. Бұған дейін науқаста "ми өлімі" анықталса, донорлыққа қатысты пікірін іздейтін. Себебі, кәмелет жасына толған әр азамат порталда келісетініне, не келіспейтініне қатысты ақпарат қалдыратын. Тиісті ақпарат табылмаған жағдайда туысқандарының рұқсаты сұралатын. Алайда, қазаға қабырғасы қайысқан марқұмның жақындары қарсылық білдіреді.
Министрлік мұны теріс тәжірибе деп санайды. Донор болу әр адамның жеке таңдауы. Түзетулердің негізгі мақсаты осы.
Мәйіттік донорлық жайында ақпарат алу үшін «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығына» сауал жолдадық. Орталық қазіргі күнде 4000-нан астам Қазақстан азаматы egov порталында мәйттік донорлыққа келісім бергенін жеткізді. Кез келген марқұмнан ағза алына берсе, қара нарықтың дамып кетуіне қауіп күшейе түсуі мүмкін. Мекеменің айтуынша, бұған тиісті органдар ғана қадағалау жүргізеді.
ҚР ҚК 1-бөлігі 116 тармағына сәйкес Тірі адамның органдары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де пайдалану үшін алуға немесе заңсыз алуға мәжбүрлеу, сол сияқты тірі адамның органдары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау – он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазір елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға зәру, оның ішінде 112-сі бала. Кей пациенттер санаулы күндерін емес, сағаттарын санауда. 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, 211 адам қайтыс болуына байланысты "Күтуші" тізімінен шығарылды.
Қазақстандықтар көбіне бүйрек ауыстырып салуды қажет етеді – 3607, одан кейін бауыр – 180, жүрек – 145, өкпе – 16, өкпе-жүрек кешені – 5.
Айта кетейік, елімізде қазір жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безін ауыстыруға болады. 2012 жылдан бастап 2379 трансплантация жүргізілді, оның ішінде тірі донордан пациенттердің 85%-ы және қайтыс болған донорлардан 15%-ы.
Трансплантацияның бүгінгі жайы мен мекеме жұмысына байланысты «А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО» АҚ Басқарма төрағасы, м.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Баймаханов Болатбек Бимендеұлына сауал жолдадық.
– Реципиент сәтті өткен отадан кейін қанша уақытта бір тексерістен өтеді? Салынған ағза жақсы қызмет ететініне кепілдік бар ма?
– Операциядан кейінгі ерте кезеңде реанимация бөлімшесінде күніне 2 рет қан талдамасы және бауыр трансплантатына ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Жай-күйі тұрақталған соң, орта есеппен 5 күннен кейін реципиент бейінді бөлімшеге ауыстырылады. Ары қарай да тексерулер жүргізіліп тұрады, ал ауруханадан шыққан соң айына 1 рет тексерулерден өтеді.
Біз операцияға дейінгі кезеңде мұқият тексерулер жүргізу және әрбір жағдайды дербес талқылау арқылы ықтимал асқынуларды барынша азайтуға тырысамыз. Біздің Орталықта бауыр трансплантациясынан кейінгі реципиенттердің 5 жылдық өміршеңдігі – 74.3%-ды, 10 жылдық өміршеңдігі 71.7%-ды құрайды.
– Трансплантацияға екі бірдей реципиентті кіргізеді деген қаншалықты рас? Яғни, алынған ағза біріне сәйкес келмеген жағдайда, екінші адамға салынуы.
– Туыстық трансплантацияға екі реципиент бірге ешқашан кіргізілмейді. Өйткені отаға дейін олар протокол бойынша толық тексерістен, консилиумнен өтіп және медициналық дисциплинарлық комиссияның рұқсатын алған соң ғана ота жасата алады. Донордың бауыры реципиентке сәйкес келетін-келмейтіні отаға дейін анықталады.
Мүмкін, сіздің сұрағыңыз басқа әдіс жайлы шығар. Әлемдік практикада «Split» трансплантация деп аталатын бауыр трансплантациясының түрі бар. Бұл тәсілдеменің принципі – мәйіттік донордан алынған орган екіге бөлініп, екі реципиентке салынады. Дегенмен, бауырдың алынған бөлігі жеткілікті болуы үшін реципиенттің салмағы және жай-күйінің ауырлығы ескеріледі. Біздің елімізде мәйіттік трансплантация дамымаған, күту парағында мыңдаған адамдар тұр. Осыған байланысты бауыр трансплантациясы жүргізілетін сәтке жетпей тұрып-ақ, реципиенттердің жай-күйі нашарлап кетеді, сол себепті бауыр бөлігі жетпеуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанда жоғарыда аталған трансплантация түрі дамымаған.
– Бауыр трансплантациясына кезекке тұрғандардың тек денсаулық жағдайы ескеріле ме әлде өмір сүру дағдысы да есепке алына ма? Мысалға, көбіне маскүнемдіктің кесірінен бауыр циррозына шалдығады, енді бірі салауатты өмір салтын ұстанғанына қарамастан науқастанады. Алғашқы аталғандар тізімнің басында тұруы мүмкін де, бірақ оларға екінші өмір сыйлау тәуекелді қажет етеді. Кейбірі бауыр ауыстырған соң да әдетінен арыла алмай, қайтадан ішімдікке салынып жатады. Осындай қауіп-қатер қаншалықты деңгейде есепке алынады?
– Біріншіден, бауыр циррозына шалдыққан кейбір науқастарға трансплантация қажет емес, трансплантацияға көрсетілім зертханалық-аспаптық зерттеулердің нәтижелері арқылы бағаланады. Динамикада жай-күйдің нашарлауы байқалса, ота жасауға дайындық басталады.
Екіншіден, бауыр циррозының даму себептері әртүрлі, бауыр циррозына әкелген факторды жою немесе емдеу қажет, содан кейін отаға дайындық жүргізіледі. Егер сырқаттың себебі спирттің уытты әсері болса, реципиенттер трансплантацияға дейінгі 1 жыл ішінде алкоголь ішпеуі тиіс, бұл науқастың туыстарынан сұрап-анықтау және қан талдауларының нәтижелері арқылы бақыланады.
Үшіншіден, туыстық ықтимал донор табылса, біз реципиент пен донорды шақырып, тиісті қан тобына сәйкестікті анықтап, клиникалық талдауларды шұғыл жүзеге асырамыз. Мұның нәтижесі MELD шкаласы (6-дан 40-қа дейін) бойынша есептеледі, науқастың жасы ескеріледі, одан кейін реципиентке трансплантация жасалады.
Ауруханадан шығарылатын науқастардың барлығына алдын алу, түсіндірме әңгімелері жүргізіледі. Отадан кейін науқастар белгілі бір режимді ұстануы керек, алайда режимді сақтамайтындар да бар. Бұл «non compliance» деп аталады, яғни алынған емді сақтауға бейімсіздік, немқұрайлылық таныту.
– Бөгде адамның ағзасын алғанда иммунитет қабылдамай жатсыну процесі болатыны белгілі, сонда иммунитетті төмендету үшін қандай медициналық шаралар жасалады?
– Мұнда енді барлығы басқаша, бауыр трансплантациясынан кейін біз науқастарға иммунитетті төмендететін иммуносупрессивтік дәрілерді береміз, бұл дәрілер салынған ағзаны қабылдамау процесінің алдын алу үшін тағайындалады. Ағзаны қабылдамау дәрі ішуді өздігінен тоқтатқан кезде, кейде тағайындалған дәрілерді қабылдау аясында да дамуы мүмкін. Себептерді нақтылап, талдаулардың нәтижелерін қарастырып, науқастардың емін түзету мақсатында оларды стационарлық ем алуға шақырамыз.
– Бүйрекке мұқтаж адамдар саны көп. Жалпы, диализ қанша уақыт адам өмірін сақтап тұра алады?
– Жалпы диализдегі науқастардың өміршеңдік көрсеткіштері өте төмен. АҚШ ғылыми деректеріне сәйкес, гемодиализдегі науқастардың 3 жылдық өміршеңдік көрсеткіші 57%-ды құраса, перитонеальді диализдегі науқастарда бұл көрсеткіш – 68%-ға тең. Науқастардың 5 – жылдық өміршеңдік көрсеткіші: гемодиализ – 42%, перитонеальді диализ – 52%.
United States Renal Data System (USRDS) деректері бойынша 40 жастан төмен науқастардың гемодиализдегі өміршеңдігі 10-12 жыл, 40-60 жастар аралығында – 8 жыл, 60 жастан асқандар үшін бұл көрсеткіш 4,5 жылды құрайды.
Қорытындылап айтқанда, диализдегі науқастардың өлім-жітім көрсеткіші жалпы популяциямен салыстырғанда 10-20 есе жоғары. Бұл қауіп диализді бастаған алғашқы 3 айда ең жоғары деңгейде байқалады, кейіннен жыл сайын бұл көрсеткіш 9%-ға артып отырады және 5 жылда 40-50%-ды құрайды. Мұндағы өлім-жітімнің басты себебі – жүрек-қан тамыр аурулары және инфекциялық асқынулар.
Мәйіттік донорлыққа қатысты өтінішті рәсімдеу үшін электрондық үкімет порталына кіріп, таңдау жасайсыз. Алдымен "Денсаулық сақтау" бөліміне, кейін оң жақ бұрыштағы "Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу" бөліміне өтесіз. Сосын, "онлайн сұрау" батырмасын басып, екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Пікіріңізді, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітесіз.
Пікір қалдыру